Otpan News Logo

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды

|
27.10.2026 15:59
Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында «Адал қоғам» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған екі күндік тренинг басталды.


Кездесуде азаматтық қоғамның қоғамдық бақылау жүргізудегі рөлі мен мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоғамдық қорының төрайымы Зауреш Батталова қатысушыларға тақырып бойынша тренинг өткізді.


Спикер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда азаматтардың белсенділігі мен қоғамдық бақылаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласуы және сайлау кезінде бақылау жүргізуі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.


«Бүгінгі негізгі тақырып – азаматтық қатысу және сайлау үдерісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау жүргізу. Бұл бағытқа азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділер нақты қатысуы керек. Қоғамдық бақылаушылар арқылы билік бұл жұмысқа ықпал ете алады», – деді Зауреш Батталова.


Тренингке қоғамдық кеңестердің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар бірлестіктері мен белсенді азаматтар қатысты.


28 қазанда өтетін екінші күнгі сабақта қоғамдық бақылаудың практикалық құралдары мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жолдары қарастырылады. «Қоғамдық бақылаудың практикалық құралдары және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау» тақырыбындағы тренингті Бауыржан Заки жүргізеді. Қатысушылар қоғамдық бақылау тетіктерін қолдану және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау тәсілдерімен танысады.


«Адал қоғам» жобасы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіруді және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын нығайтуды көздейді.


Іс-шара Маңғыстау облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

37
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!