Шетпеде колледж студенттері арасында республикалық чемпионат басталды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысының Шетпе ауылында колледж студенттері арасында «Ауыл шеберлері – 2026» өңіраралық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының хабарлады.
Чемпионат «WorldSkills Kazakhstan» кәсіби шеберлік чемпионаты аясында ұйымдастырылған. Негізгі мақсат – ауылдық колледждерде маман даярлау сапасын арттыру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және жастардың кәсіби дағдыларын дамыту.
Биылғы байқауға Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Маңғыстау облысының Қарақия, Түпқараған, Бейнеу және Маңғыстау аудандарындағы колледж студенттері қатысып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстанның Самарқанд облысынан келген жас мамандар да чемпионатқа қосылып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Ашылу рәсіміне аудан әкімдігі мен облыстық білім басқармасының өкілдері, кәсіптік білім беру саласының ардагерлері, колледж оқытушылары мен студенттері, білім бөлімінің мамандары және оқушылар қатысты.
Үш күнге жоспарланған чемпионатта қатысушылар үш бағыт бойынша өзара мықтыны анықтайды. Олар – «Дәнекерлеу технологиялары», «Автокөлікті бояу» және «Жеңіл автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және диагностика».
Сайыс барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибеде көрсетіп, өндірістік тапсырмаларды орындау шеберлігін сынайды. Қатысушылардың жұмысы арнайы сарапшылар тарапынан бағаланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат ауылдық колледждер арасындағы байланысты нығайтып, жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған.