Ақтауда экологиялық акция өтеді: тұрғындар қайта өңдеуге жарамды заттарды тапсыра алады
OTPANNEWS.KZ. 8 қараша күні Ақтауда «Эко-мир/Eco Өмір» атты экологиялық акция өтеді. Іс-шара «Шум» сауда орталығының артында сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды, қайта пайдалануға болатын заттарды және қайырымдылық жобаларына қажетті материалдарды тапсыруға шақырады.
Акция барысында қандай заттарды тапсыруға болатыны туралы эко-блогер Гүлайым Кибас айтып берді.
Қайта өңдеуге қабылданатын заттар
· Акция аясында PET №1 пластик бөтелкелері, HDPE №2 пластик құтылары мен канистрлері, көкөніс салатын пластик жәшіктер, макулатура және металл қабылданады.
Қағаз және картон бұйымдарынан гофрокартон, қораптар, кітаптар, дәптерлер, пайдаланылған қағаздар мен газеттер өткізуге болады.
Металл бұйымдарынан сусын құтылары, алюминий банкалар, қақпақтар, кілттер, қайшылар, киім ілгіштер және консерві банкалары қабылданады.
Заттарды тапсырар алдында оларды дұрыс дайындау қажет:
· Пластик бөтелкелерді босатып, алынбалы жапсырмаларын алып, қақпақтарын бөлек қою керек.
· Картон қораптарды жазып, скотчтарын алып тастау қажет.
· Қағаздан қапсырмаларды, серіппелерді және пластик файлдарды ажырату керек.
· Металл банкаларды жуып, жаншу қажет.
·
Ұйымдастырушылар тек Ақтауда қайта өңделетін материалдарды ғана қабылдайтынын атап өтті.
Қабылданбайтын заттар: лас бөтелкелер, өсімдік майының құтылары, пакеттер, чектер, сүт өнімдерінің қаптамалары, фольгалы пакеттер, ластанған қағаз, майлықтар, бір реттік ыдыстар, кофе стақандарына арналған қағаз ыдыстар және сүт пен шырынның Tetra Pak қаптамалары.
Жануарларға арналған панажайларға көмек
Акция барысында қайта пайдалануға болатын тұрмыстық заттар да жиналады. Жануарларға арналған панажайларға мынадай бұйымдар қажет:
· Табақтар, табалар, қазандар, легендер, тостағандар мен шелектер;
· Қолғаптар, шегелер, топсалар, ірі болттар, ілмектер мен бұрандалар;
· Ағаш және металл кесуге арналған дискілер;
· Пышақ қайрағыштар, қайшылар және электр шәйнектер.
Өнер мектептері мен шеберханаларға қажетті заттар
Өнер мектептері мен шығармашылық шеберханаларға қағаз, картон, түрлі түсті қарындаштар, маркерлер, моншақтар, түймелер, таспалар, маталар, жіптер, инелер, поролон, синтепон, қайшылар, желім, бояулар мен қылқаламдар қажет.
Қолөнер және бисер тоқуға арналған материалдар
Бұл бағыт бойынша пластик, шыны, ағаш, акрил және керамика моншақтарын тапсыруға болады. Сонымен қатар ілгектер, карабиндер, сақиналар, түйреуіштер, сымдар, балық аулау жібі, моно жіп, созылмалы жіптер, ескі әшекейлер, үзілген алқалар, брошьтар, сырғалар, білезіктер, сәндік салпыншақтар, стразалар, пайеткалар мен кабошондар қабылданады.
Фермерлерге арналған тағам қалдықтары
Акция аясында фермерлерге беру үшін тағам қалдықтары мен жұмыртқаға арналған қағаз ұяшықтар да жиналады.
Қабылданатын органикалық қалдықтар:
· Көкөністер мен жемістердің жаңа қабықтары;
· Алманың өзегі;
· Пияз қабығы;
· Дайын тағам қалдықтары: ботқа, сорпа, ет, нан және сүзбе.
·
Органикалық қалдықтарды тоңазытқышта бір-екі күннен артық сақтамау немесе алдын ала мұздатып қою қажет.
Бұзылған тағамдар, балық, сүйектер, жеміс дәнектері, тұқымдар, өткір заттар және цитрус жемістері қабылданбайды.
Жануарларға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар
Ұйымдастырушылар жануарларға көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық шығын материалдарын да жинайды.
Қажетті заттар тізімі:
· Физерітінді, глюкоза, B12 дәрумені;
· Цефтриаксон, новокаин, «Энтеросгель»;
· «Левомеколь», «Дицинон»;
· Повидон-йод, хлоргексидин, сутегі асқын тотығы;
· Зауыттық қаптамасы ашылмаған шприцтер, бинттер, төсеніштер мен жөргектер.
·
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – тек қалдықтарды жинау емес, сонымен қатар заттарды қайта пайдалану мәдениетін қалыптастыру, қоқыс көлемін азайту және Ақтаудағы экологиялық бастамаларды қолдау.