Otpan News Logo

Еңбекке құрмет – елге үлгі

|
02.11.2026 16:42
Еңбекке құрмет – елге үлгі

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстаудың мұнай-газ саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан Айжарық Ағатаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов салтанатты жағдайда табыстады.

 

Айжарық Ағатаевтың еңбек жолы 1996 жылы «Маңғыстау мұнай жолдары» ЖШС-нің өндіріс бөлімінде инженер қызметінен басталған. Осылайша, ол ширек ғасырдан астам уақытын өндіріс саласының дамуына арнап, түрлі жауапты қызметтерді атқарды.

 

2003 жылы кәсіпорын ОСС құрамына енгеннен кейін маркшейдер болып еңбек етті. Ал 2005-2015 жылдары Жетібай құрылыс басқармасының өндіріс бөлімін басқарды. Кейін өндіріс департаментінің жетекші инженері, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау жөніндегі топ жетекшісі қызметтерін атқарды. 2024 жылдан бері ОСС мекемесінің өндіріс бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.

 

Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі өндірістегі жауапты міндеттерді абыроймен атқаруына негіз болды. Әр кезеңде түрлі ұжыммен бірге жұмыс істеп, саланың тыныс-тіршілігін терең меңгерген маман үшін бұл марапат – көп жылғы еңбектің еленуі.

 

«Мұндай марапатты жеке өзімнің ғана емес, бірге еңбек еткен әріптестерімнің де еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын. Өндірістегі әрбір жетістік – ортақ жұмыстың нәтижесі. Сондықтан осы жылдар ішінде қолдау білдіріп, тәжірибесімен бөліскен барша әріптесіме алғыс айтамын», - дейді Айжарық Орысбайұлы.

 

Еңбек адамының мерейін өсірген бұл марапат - маңдай терімен ел игілігіне қызмет етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі. Айжарық Ағатаевтың өнегелі еңбек жолы да кейінгі буынға табандылық пен кәсіби адалдықтың үлгісі болары сөзсіз.

 

 

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!