Ақтауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 130 түп ағаш отырғызылды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласының 4-шағынауданындағы аллеяда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны Маңғыстау облысының экология департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, қалалық әкімдік, Ботаникалық бақ, «Dunga Operating» компаниясының филиалы және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Акцияның басты мақсаты – қаланың жасыл желек қорын молайту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Іс-шара барысында аллеяға 130 түп ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар «Dunga Operating» компаниясының филиалы тарапынан жалпы саны 700-ден астам ағаш көшеті дайындалған.
Алдағы уақытта қалған көшеттерді де кезең-кезеңімен отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қала әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Сондай-ақ Түпқараған ауданына қарасты кен орны орналасқан аумақтарда, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарында да көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.