Маңғыстаулық жас ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «SARDAR» ойынын жасап шығарды
OTPANNEWS.KZ - Маңғыстаулық жас креатор Есбол Азан қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттайтын «SARDAR» атты 3D компьютерлік ойынын жасады. Ұлттық кодты заманауи технологиямен ұштастырған жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Есбол Азанның айтуынша, «SARDAR» тек ойын-сауық құралы ғана емес, тарихи-танымдық сипаты бар бастама. Ойынның сюжеттік желісі бойынша қатысушы сапарды кішкентай бала кейіпкерден бастап, түрлі миссияларды орындау арқылы ел қорғайтын сардар дәрежесіне көтеріледі. Ойын барысында қатысушылар киіз үй тігу, атқа міну, асық ату сияқты ата-бабалардың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады.
- Бұл қазақтың тарихы мен мәдениеті туралы 3 D форматтағы ойын. Ойында сюжеттік миссиялар болады. Қатысушы ойындағы миссияларды өту арқылы ұлттық құндылықтармен танысады. «SARDAR» ойынының ресми релизі алдағы жылдың наурыз айына жоспарланып отыр. Қазір ойынды Steam платформасы арқылы жүктеп алуға болады, - деді жас өнертапқыш.
Есбол Азан — Түпқараған ауданы, Баутин ауылының тумасы. Ол 7 сыныпқа дейін Баутин ауылындағы Ж.Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясында білім алып, кейін Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдаған. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Qazaq AI Research University жасанды интеллект және машиналық оқыту бағыты бойынша білім алуда.
Жас өнертапқыш болашақта жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр.