Ақтауда науқас баланың әкесі дәрігерге күш көрсетті
OTPANNEWS.KZ – 31 қазан күні кешкі уақытта Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жанжал болды. Алдын ала мәлімет бойынша, науқас баланың әкесі кезекшілікте болған дәрігерге шабуыл жасаған.
Аурухана мәліметінше, балалар хирургі баланы қарап, қажетті тексерулерден өткізген. Алайда дәрігер баланы стационарға жатқызуға медициналық негіз жоқ екенін түсіндірген.
Бұған ашуланған баланың әкесі үстелді теуіп, дәрігерге күш көрсеткен. Ол хирургтің мойнынан қысып, шабуыл жасаған. Сондай-ақ оқиға кезінде онколог дәрігерге де шабуыл жасалғаны туралы алдын ала ақпарат бар.
Оқиға куәгерлері ер адамды дәрігерден ажыратқан. Жанжалдың алғашқы сәттері бейнежазбаға түсіп қалған.
Оқиғаның мән-жайын толық анықтау мақсатында Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына ресми сауал жолданды.