Otpan News Logo

Инсульттің алдын алу: Ақтауда дәрігерлер тегін тексеру өткізді

Инсульттің алдын алу: Ақтауда дәрігерлер тегін тексеру өткізді

OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда инсульттің алдын алуға арналған әлеуметтік акция өтті. «Мұхамбет» медициналық орталығының мамандары «Аққала» сауда үйінде тұрғындарға тегін кеңес беріп, денсаулық көрсеткіштерін тексерді.


Акция барысында тұрғындар қан қысымын, қандағы қант деңгейін және қанның оттегімен қанығу көрсеткішін өлшете алды. Сондай-ақ невролог, кардиолог, эндокринолог және терапевт мамандарынан кеңес алды. 


Науқанның алғашқы сағатында шамамен 150 адам мамандардың кеңесіне жүгінген. 45 тұрғынның қандағы қант деңгейі тексеріліп, 100-ге жуық адам неврологиялық тексеруден өткен. Мамандар келушілердің шағымдарын тыңдап, бастапқы мәлімет жинап, тиісті ұсыныстар берді.  


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты – инсульттің алдын алу, аурудың алғашқы белгілерін танып, шұғыл медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің маңызын түсіндіру.


«Біздің негізгі мақсатымыз – бас миы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу. Адамдар күнделікті тіршіліктің қамымен денсаулығына көңіл бөлуге уақыт таба бермейді. Сондықтан өзіміз халық көп жиналатын орындарға барып, экспресс-диагностика өткіземіз, медициналық кеңес береміз. Адамдарға қан қысымы мен қант деңгейін бақылаудың маңызын түсіндіреміз», – деді «Мұхамбет» медициналық орталығының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Олжас Есенеев.


Дәрігерлердің айтуынша, инсульт тек егде жастағы адамдарға тән ауру емес. Соңғы уақытта жастардың арасында да бұл дертке шалдығу жағдайлары кездесіп жатыр. Бұған күйзеліс, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.


Медициналық орталық алдағы уақытта осындай әлеуметтік акцияларды ай сайын өткізуді жоспарлап отыр. Мамандар әсіресе өндіріс орындарында еңбек ететін тұрғындардың денсаулығына назар аудармақ.


Айта кетейік, Дүниежүзілік инсультпен күрес күні жыл сайын 29 қазанда аталып өтеді. Мамандар қан қысымын тұрақты бақылап, денсаулықтағы өзгерістерге бейжай қарамауға шақырады.

146
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!