Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытына Қытайдан жабдықтың алғашқы партиясы жеткізілді
OTPANNEWS.KZ. - Ерсай портына Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауыты үшін Қытайда жасалған жабдықтың бірінші партиясы теңіз жолымен жеткізілді. Атап айтқанда пештер, жылу алмастырғыштар, сыйымдылықтар мен электр қыздырғыштар. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.
Теңіз арқылы тасымалдау биылғы 16 тамызда басталды. Қазіргі уақытта жүк тиелген тағы үш кеме Қазақстанға келе жатыр. Бұдан кейінгі жабдықтар жобаның кестесіне сай кезең-кезеңімен жөнелтіледі.
Бүгінде ҚХР-дың өндіріс алаңдарында негізгі технологиялық қондырғыларды дайындау мен модульдерді құрастыру жұмыстары жалғасуда. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтың саны – 240, соның 138-і дайын болды, 102-сі әзірленуде. Жабдықты дайындау бойынша жалпы ілгерілеу көрсеткіші 61,6% жетті.
Айта кетсек, зауыт модульдік әдіспен салынуда. Басты технологиялық блоктар шығарушы зауытта дайындалып, монтажын жасау үшін құрылыс алаңына жеткізіледі. Бұл құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі мен көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіпорын жылына 900 млн м³ табиғи және ілеспе газды өңдеуге қауқарлы болады. Зауыт тауарлық және сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ пентан-гексан фракциясын шығарып, Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіп мекемелерін газ өнімдерімен қамтамасыз етеді.