Маңғыстауда «Мүмкіндік» жобасы аясында балаларға 16 күрделі ота жасалды
Маңғыстау облысында «Мүмкіндік» медициналық-әлеуметтік жобасы аясында шетелдік профессордың қатысуымен балаларға жоғары мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибізада Дүйсенбаева айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, 18-22 мамыр аралығында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында колопроктология бағыты бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, 16 күрделі операция жасалды. Жоба BI Жұлдызай қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асты.
- Жобаның негізгі мақсаты – өңір мамандарының кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ хирургиялық көмекке мұқтаж балаларға республикалық орталықтарға жолдамай-ақ, облыстық балалар ауруханасы деңгейінде жоғары мамандандырылған ота жасау мүмкіндігін қалыптастыру. Шеберлік сағатына Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан арнайы шақырылған балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Игорь Витальевич Киргизов қатысты. Қордың қолдауымен балаларға тегін операция жасалды. Оның ішінде Маңғыстау облысынан 10 балаға, сондай-ақ Алматы, Орал, Шымкент, Тараз, Қарағанды және Семей қалаларынан келген балаларға хирургиялық көмек көрсетілді. Операциялар асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары, тік ішек атрезиясы, Гиршпрунг ауруы және долихосигма секілді патологияларға жасалды, - деді Бибізада Дүйсенбаева.
Спикер жоба аясында неоанус қалыптастыру, аноректопластика, жүлге қалыптастыру, анус девульсиясы, тоқ ішек анастомозы және проктопластика сияқты күрделі хирургиялық араласулар сияқты күрделі процесс орындалғанын айтты. Сонымен қатар колопроктологиялық ақаумен есепте тұрған 35-тен астам балаға тегін медициналық кеңес берілді.
Брифингте Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанова мекеменің материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін атап өтті.
- Балалар ауруханасының операциялық блогы заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған және халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Бізде екі лапароскопиялық стойка бар, олар барлық қажетті құралдармен және шығын материалдарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Tokar жүйесі мен Olympus жабдықтары қолданылады. Бұл құралдар әртүрлі күрделіліктегі операцияларды қауіпсіз әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді, - деді Жанар Досжанова.
Профессор Игорь Киргизов облыстық балалар ауруханасындағы операциялық блоктың техникалық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
- Мен Ақтауға екінші рет келіп отырмын. Мұнда лапароскопиялық жабдықтар, заманауи энергетикалық құрылғылар мен коагуляторлар бар. Яғни жоғары технологиялық күрделі операцияларды орындауға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – жабдықтың болуы ғана емес, оны тиімді пайдалану. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – жергілікті мамандарды өздері күнделікті жұмыс істейтін құрал-жабдықтармен оқытып, жоғары технологиялық операцияларды дұрыс орындауға үйрету. Бұл тәсіл дәрігерлердің кәсіби дағдыларын анағұрлым тиімді жетілдіруге мүмкіндік береді, - деді Игорь Киргизов.
BI Group компаниясының «Мүмкіндік» жобасының жетекшісі Әсем Сырымбет жобаның ерекшелігі балаларды операциядан кейін де толық сүйемелдеуде екенін айтты.
- Балалармен жұмыс тек операция немесе консультациямен шектелмейді. Жоба аясында әр балаға емделу кезеңінен бастап толық оңалғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетіледі. Отадан кейін олардың жағдайы тұрақты бақылауда болып, ата-аналарға қажетті медициналық кеңестер беріледі. 2014 жылдан бері жоба шеңберінде эндовидеохирургия, травматология және ортопедия, сондай-ақ кардиохирургия бағыттары бойынша Қазақстанда мыңдаған балаға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, - деді Әсем Сырымбет.
Айта кетейік, 2014 жылдан бері «Мүмкіндік» жобасы аясында ҚР бойынша 1831 ота, ал Маңғыстау облысында бұл жоба 2021 жылдан басталды, бүгінге дейін 169 күрделі ота жасалды.