Otpan News Logo

«AMANAT» партиясы Маңғыстауда тұрғын үй мәселесін шешетін жаңа жобаны бастады

|
17.05.2026 12:24
«AMANAT» партиясы Маңғыстауда тұрғын үй мәселесін шешетін жаңа жобаны бастады

«AMANAT» партиясының тұрғын үйді басқару мәселелерін шешуге арналған «TURGYNDAR AMANATY» жобасы мүлік иелері бірлестіктері мен басқа да қатысы бар ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Жаңа жоба іске қосылғалы «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы сала жұмысын жаңа бағытта ұйымдастыру, түсіндіру іс–шараларын бастады. Бүгін партия филиалы жоба бойынша меморандумға қол қою, партияға қабылдау, марапаттау рәсімін өткізді.​​​​​


Іс-шарада «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев жұмыс барысында көтерілген ұсыныстар мен мәселелердің салалық мекемелермен бірге шешілетіндігін атап өтті.

— «TURGYNDAR AMANATY» жобасы Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша іске қосылды. Өңірде сәуір айында өткен форум тұрғын үйді басқару саласындағы қордаланған мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын көрсеткен маңызды алаң болды.

Сіздердің тұрғын үйді басқару жұмысындағы кәсіби тәжірибеңіз бен ұмтылысыңыз жауапкершілік, сенім және нәтиже қағидаттарын іске асырудың басты кепілі. Әрбір айтылған ұсыныс, әрбір жаңа идея халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Сондықтан бүгін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлімінде Фронт-офис ашылады. Бұл ұйымның тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасайтын, қызмет көрсететін негізгі бөлімі болады. Бөлімнің басты мақсаты — «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысты жеңілдету, кеңес беру және құжаттарды жылдам қабылдау. Бұл тұтынушыға қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді деді, — Нұрбек Қарасаев.

 

«Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялары мен мүлік иелері бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Қайырғали Қалмұқанов сала жұмысын партиямен бірлікте тиімді ұйымдастыруға мүдделі екенін жеткізді.  


Жақында осы салада бастауыш партия ұйымы құрылды. Бүгінгі іс-шарада Нұрбек Қарасаев және Қайырғали Қалмұқанов «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы мен «Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялары, мүлік иелері бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігі» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

 

Сонымен қатар іс-шарада қоғам белсенділері партия қатарына қабылданды. Олардың қатарында «Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы» мекемесінің директоры Ақжүніс Иманбаева, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанова, мүлік иелері бірлестігінің төрағалары, кәсіпкерлер және басқа салалардың мамандары бар. Нұрбек Қарасаев партияның Сайлауалды бағдарламасын орындауға үлкен үлес қосқан мемлекеттікоргандардың өкілдеріне «AMANAT» партиясының Атқарушы Хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хатын тапсырды. Мемлекет басшысының реформаларын бірге жүзеге асыру үшін «AMANAT» партиясын таңдаған барлық қоғам белсенділерін құттықтап, алғыс айтты. 

 

Партия филиалының төрағасы аспаздық мамандықты үздік меңгерген, армрестлингтен биік белесті бағындырған ерекше жан Гүлнәр Үкібайға Алғыс хат тапсырды. Нұрбек Қарасаев өнерлі жастың «DALA SKILLS 2026» республикалық чемпионатына қатысқанын, табысқа жетудің кепілі адамның ерік-жігері екенін атап өтті. Гүлнәр Үкібай рәсім соңында өнер көрсетіп, ән айтуға бейімділігін танытты.


94
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!