Ақтауда "Түрік ас үйі" апталығы өтті
Ақтау қаласында дәстүрлі "Түрік ас үйі" апталығы аясында ерекше гастрономиялық шара ұйымдастырылды. Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен ел президентінің жұбайы Эмине Ердоғанның қолдауымен өтіп жатқан шара биыл бесінші мәрте өтіп отыр, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысты. Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі барлық өкілдер "түрік ас үйі" апталығының өтуіне атсалысып, қолдау білдірген.
Шараның басты мақсаты - Түркияның ұлттық тағамы арқылы дәстүрі мен мәдениетін жаңғырту, бауырлас елдерге таныстыру, келуші қонақтарға дәмді тағамдарды ұсыну. Сондай ақ Маңғыстаудағы туризмнің дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
"Түркия мемлекеті талай тарихты бастан кешірді. Өткен қиындықтарға қарамастан ата-бабамыз бізге ең дәмді, ең пайдалы тағамдардың рецептін қалдырды. Ұлттық тағамымызды Түркиядан бастап Кавказ бен Анадолы өлкелерінен кездестіруге болады. Біздің ендігі мақсат осы тағамдарымызды сіздерге таныстыру, пайдасымен бөлісу. Әрі келешек ұрпақ та біздің мәдениетіміз бен ұлттық дәмімізді біліп жүрсін деген ниетте ұйымдастырдық", - деді Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин.
Гастрономиялық іс-шара "Балкон" дәмханасында өтті. Бас аспаз Айшанұр Сонбахар келуші қонақтар мен бірнеше аспазға түріктердің ұлттық тағамы "сарманың" жасалу жолын көрсетті.
"Бүгінгі іс-шарада біздің ұлттық тағамымыз "сарманың" жасалу жолын тәжірбие алып жүрген аспаздарға көрсеттім. Қазақстанда той-тоамалақ пен үлкен-кіші жиындарда келген сыйлы қонақтарға бешбармақты ұсынатын болса, біз меймандарымызға осы сарма тағамын береміз. Оның құрамында: жүзім жапырақтары, зәйтүн майы, тартылған ет, пияз, күріш, томат пастасы мен дәмдеуіштер болады", - деді аспаз Айшанұр Сонбахар.