Маңғыстауда биыл 10 059 оқушы жас түлек атанады
Оқу жылының соңында 216 жалпы білім беретін мектепті 193 156 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 10 059 оқушы 11 сыныппен қоштасады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сай, өңірде 216 жалпы білім беретін мектеп бар( 160 мемлекеттік мектеп, 2 кешкі мектеп, 54 жекеменшік мектеп).
16 190 оқушы 9 сыныппен қоштасады, оның 825-і – үздік аттестатқа үміткер. Ал 11 сыныпты аяқтайтын 10 059 түлек ішінде “Алтын белгіге” – 321, үздік аттестатқа – 661 үміткер бар.
«Оқу жылы 25 мамырда аяқталып, 11 сыныптар үшін 2-15 маусым аралығында, 9 сыныптар үшін 29 мамыр-11 маусым аралығында мемлекеттік қорытынды аттестаттау өтеді. Мектеп бітіруші түлектерге аттестат табыстау 16-18 маусым аралығына жоспарлануда»,- деді білім басқармасының баспасөз қызметі.
2024–2025 және 2025–2026 оқу жылдары аралығындағы «Алтын белгі» үміткерлерінің көрсеткіштерін салыстырмалы талдау нәтижесінде облысы бойынша оң динамика байқалады.
Атап айтқанда, 2024–2025 оқу жылында 250 үміткер болса, 2025–2026 оқу жылында олардың саны 321-ге жетіп, 71 оқушыға артқан.
«2025-2026 оқу жылында 1 сыныпта 19 493 оқушы білім алды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша пилоттық жоба шеңберінде 2026–2027 оқу жылына 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімі 2026 жылғы 29 маусым мен 31 тамыз аралығына белгіленген»,- деді басқарма мамандары.