Otpan News Logo

Ақтауда «DalaSkills-2026» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

|
16.05.2026 12:01
Ақтауда «DalaSkills-2026» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Ақтауда  республикалық «DalaSkills-2026» кәсіби шеберлік конкурсының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Қоғамдық коммуникация орталығының ақпаратына сай, жиынға облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова, өңірлік балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев, сондай-ақ әлеуметтік серіктестер, сарапшылар мен жетекшілер қатысты.


Іс-шараның негізгі мақсаты – атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Фестивальге еліміздің әр өңірінен 70-ке жуық қатысушы қатысты.


-Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары заман талабына сай қарқынды дамып келеді. Өндіріс пен білімнің байланысы нығайып, жастардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осындай чемпионаттар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттырып, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың нақты көрінісі. Ұлттық қолданбалы өнер, дәстүрлі тағам дайындау, этнотуризм және цифрлық технологияларды ұштастырған құзыреттіліктер арқылы жастардың бойындағы еңбекқорлық, ізденіс және ұлттық рух айқын көрінді. Маңғыстауда осындай ауқымды республикалық чемпионаттың өтуі – өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді, - деді Аббат Өрісбаев.


Фестиваль барысында қатысушылар 13 түрлі құзыреттілік бағытында өз шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, киіз өнері, ұлттық былғары бұйымдарын жасау, құрақ құрау, бау тоқу, ұлттық киім тігу технологиясы, әшекей бұйымдарын әзірлеу, дәстүрлі тағам дайындау және этнотуризм бағыттары қамтылды.


Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің басшысы Ілес Нұрадинов фестивальдің маңыздылығына ерекше тоқталды.


-«DalaSkills-2026» чемпионаты биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы байқау 9 құзыреттілік бойынша Түпқараған ауданында өткен болатын. Биыл республикалық деңгейде Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің базасында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жобаны халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз,- деді Ілес Нұрадинов.


Байқау қорытындысы бойынша 21 қатысушы бірінші орын, 18 қатысушы екінші орын, 17 қатысушы үшінші орын иегері атанды. Сонымен қатар 14 қатысушы «Үздік маман» медальонымен марапатталды.


Әр бағыт бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік нәтижелер көрсеткен студенттер марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, дәстүрлі тағам дайындау, киіз өнері, сүт және қамыр өнімдері, балық өнімдерін өңдеу, ұлттық бау тоқу, сәндік әшекей бұйымдар жасау, цифрлық киім жобалау және этнотуризм бағыттарында бірқатар қатысушылар жоғары нәтижеге қол жеткізді.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, «DalaSkills-2026» чемпионаты ұлттық өнер мен заманауи кәсіби білімді ұштастыра отырып, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және еңбекке баулуға бағытталған маңызды алаң болып отыр.

91
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!