Ақтауда көпқабатты үйлердің шатырындағы апатты құрылыстар бұзылып жатыр
Ақтау қаласы әкімінің тапсырмасымен қала аумағындағы бірқатар тұрғын үйдің шатырында орналасқан авариялық жағдайдағы перголаларды жою жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда жұмыс 5-шағын ауданындағы №1 тұрғын үйде атқарылып жатыр. Жоспарға сәйкес мердігер мекеме ескі перголаларды демонтаждап, тұрғындар үшін қауіпсіз болатындай өзгеріс енгізеді.
Қала тұрғыны Кирилл Осин бірнеше жылдан бері шешімін таппаған мәселені қолға алған қала әкімдігіне ризашылығын білдірді.
— Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жұмыстар жүріп жатыр. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып, тиісті шаралар қолға алынды. Тұрғындарға уақытылы хабарландыру беріліп, жұмыс барысы түсіндірілді. Мәселенің оң шешім табуына қолдау көрсетіп, оның түбегейлі шешілуіне атсалысқан қала әкіміне ризашылығымызды білдіреміз, — деді Кирилл Осин.
Айта кетейік, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс 7-22, 8-8, 27-5, 26-38, 1-35, 9-30, 4-5, 14-47 және 12-53 мекенжайында жалғасады.