Otpan News Logo

Ақтаудағы «Ақбота» саябағында скейт-парк пен мұз айдыны пайда болады

|
22.05.2026 10:30
Ақтаудағы «Ақбота» саябағында скейт-парк пен мұз айдыны пайда болады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға Ақтау қаласының 4А шағынауданында орналасқан «Ақбота» саябағын кешенді абаттандыру жобасы таныстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Жоба тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Саябақ аумағында демалыс, спорт және мәдени уақыт өткізуге арналған инфрақұрылым жасақталады.


Жобаны қаржыландыру «NCOC» компаниясының демеушілігі есебінен жүзеге асады. Жалпы инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Саябақтың жалпы аумағы 107 мың шаршы метрден асады.


Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Конкурстық рәсімдер өткізілді. Мердігер мекеме – «Оңдасын Строй» ЖШС-мен келісімшартқа қол қою жұмыстары жүріп жатыр.


Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, автотұрақтар жасалады. Сонымен қатар серуендеу аллеялары, тынығу аймақтары, көлеңкелік қалқалар, балалар және спорт алаңдары, скейт-парк, интерактивті аймақтар мен құрғақ субұрқақ салу жоспарланған.


Көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударылып, өңір климатына бейімделген ағаштар мен бұталар егіледі. Сондай-ақ саябақты жыл бойы пайдалану көзделіп, қыс мезгілінде мұз айдыны мен сырғанақтар ұйымдастырылады.


Жоба таныстырылымында облыс әкімі қоғамдық кеңістіктердің сапасына және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға баса мән беру қажет екенін атап өтті.


– «Ақбота» саябағы қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналуы керек. Сондықтан абаттандыру, көгалдандыру және қауіпсіздік мәселелері жоғары деңгейде орындалуы қажет. Бұл аумақ халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістік болуға тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!