Нұрғиса Тілендиевпен бірге оркестрде өнер көрсеткен маңғыстаулық Әзімбай ата 90 жаста
Бөлеубайұлы Әзімбай Қызан ауылында тұрады. 90 жастағы ақсақал жас күнінде қазақ музыкасының сайыпқыраны, күйші, дерижер Нұрғиса Тілендиевпен бірлесіп, Мәскеуде өнер көрсеткен, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Әзімбай атаның айтуынша, бұл оқиға 1958 жылы сол кездегі облыс орталығы Атырауда болған.
“Қазақстан өнерінің онкүндігі Мәскеуде өтетін болды. Сол кеште Дина Нұрпейісова атындағы оркестр өнер көрсететін. Осы оркестрге мүше жинау үшін Республикадан 70 адам келген екен. Ең соңында іріктеліп 20 адам қалдық. Оның ішінде Маңғыстаудан 6 жігіт болдық. Маусым айынан бастап желтоқсанға дейін түрлі күй тартып, дайындық жасадық. Сөйтіп желтоқсанның 1-і күні көптен күткен кеш өтті”,- дейді Әзімбай Бөлеубайұлы.
Сол оркестрде өнер көрсеткен маңғыстаулықтардың арасында тек Әзімбай ата ғана тірі. Ол бүгінде 90 жасқа толды. Өнер әлеміне есік ашылып, мәдени салаға бет бұруға мүмкіндік туса да Әзімбай Бөлеубайұлы туған жеріне келіп, есепші маманы ретінде қызметін жалғастырған.
“Мен есепші болдым. Ал домбыра – жай ғана жаныма серік еді. Өйткені көзімді ашқалы сол домбыраны көріп өстім. Әкем өте шебер кісі болды. Ол етік те тігетін, аңшылық жасап, саятшылық құратын, домбырада ойнап қана қоймай, оны жасап та білетін. Сол әкемнің жан-жақтылығы мен өнері маған осылай дарыған болса керек”- дейді 90 жастағы ақсақал.
98
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев