Otpan News Logo

Маңғыстауда «AMANAT» партиясының үш күндік оқу семинары басталды

|
21.05.2026 15:13
Маңғыстауда «AMANAT» партиясының үш күндік оқу семинары басталды

Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен модульдік оқу басталды. Жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан модульдік оқуға 135 адам қатысып жатыр. Олардың қатарында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдары, сондай-ақ «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиал қызметкерлері бар.


Іс-шараға «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Гүлнар Нурахметханова, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Динара Торина, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының штаттан тыс тренері Лаура Байдильданова, «Тұран-Астана» университетінің доценті, философия докторы Гаухар Жұмабекова, Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы, Назарбаев зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығының жаттықтырушысы Жанна Мыңбаева қатысты.


Модульдік оқытудың ашылу салтанатында Гүлнар Нурахметханова «AMANAT» партиясы кадрлық әлеуетті арттыру және мемлекеттік басқару сапасын жақсарту мақсатында модульдік оқыту бағдарламасы әзірленгенін ерекше атап өтті. Аталған бағдарлама тек теориялық білім берумен шектелмей, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.


«Бағдарлама аясында қатысушылар жергілікті деңгейде заманауи талаптарға жауап беруді, нәтижеге бағытталған тиімді коммуникацияны құруды, әлеуметтік жобаларды басқарып, оны іске асыруға арналған дағдыларды меңгереді. Бұл өз кезегінде кадрлардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, өңірлердегі басқару сапасын арттыруға, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді Гүлнар Нурахметханова.


Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне тек тәжірибе ғана емес, сонымен қатар жүйелі ойлау, тиімді шешім қабылдау және қоғаммен ашық байланыс орната білу қабілеті қажет. Бұл ретте «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев модульдік оқыту осы талаптарға толық жауап беретінін атап өтті.


«Мемлекет басшысы айқындап берген реформалардың сапалы орындалуы ең алдымен білікті, жауапкершілігі жоғары кадрларға тікелей байланысты. Модульдік оқыту арқылы біз теория мен тәжірибені ұштастырып, жергілікті жердегі басқару сапасын арттыруға басымдық беріп отырмыз. Осы семинарға қатысып жатқан ауыл әкімдерінің, депутаттарымыздың және партия қызметкерлерінің алған білімі алдағы уақытты тиімді жұмыс істеуге негіз болады деген сенімдемін», – деді облыстық филиалдың төрағасы Нұрбек Қарасаев.


Айта кетейік, оқу семинары үш күнге жоспарланып отыр. Қатысушылар нақты көрсеткіштерге (KPI) негізделген жеке жобаларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде нақты мәселелерді қарастырып, шешім қабылдау сапасын арттыруға, әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге септігін тигізеді.


128
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!