Otpan News Logo

Ақтаудағы театр байқауында оқушылар құқықтық мәдениет мәселесін көтерді

Ақтаудағы театр байқауында оқушылар құқықтық мәдениет мәселесін көтерді

Ақтауда «Заңды құрметтейтін ұрпақ» жобасы аясында өткен облыстық театр байқауының финалдық кезеңінде мектеп оқушылары қоғамдағы өзекті мәселелерді сахналық қойылымдар арқылы көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шараны Маңғыстау облыстық прокуратурасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізді. Оған облыстың қала және аудандарынан іріктелген 9-11 сынып оқушылары қатысты.


Жоба жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруды, азаматтық жауапкершілікті арттыруды және «Адал азамат» құндылықтарын дәріптеуді көздейді. Сонымен қатар шығармашылыққа бейім оқушылардың қабілетін дамытуға мүмкіндік беруді мақсат етеді.


Іс-шараны ашқан облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев театр байқауының тәрбиелік маңызына тоқталды.


«Бұл байқау – жай ғана өнер додасы емес. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына адамгершілік, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру. Құқықтық мәдениетті қалыптастырып, заң мен тәртіп қағидаларын дәріптеуде мұндай жобалардың маңызы зор», – деді облыс прокуроры.


Финалдық кезеңге қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев та мұндай жобалардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жоғары екенін атап өтті.


«Осындай байқаулар мен сахналық қойылымдар өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, ел игілігі жолында адал қызмет ететін азамат болып өсуіне ықпал етеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Байқау барысында қатысушылар заң мен тәртіп тақырыбын түрлі сахналық қойылымдар арқылы ұсынды. Оқушылар құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғам алдындағы жауапкершілік және адалдық мәселелерін көркем образдар арқылы жеткізді.


Финал қорытындысында үздік өнер көрсеткен командалар мен қатысушылар арнайы марапатталып, қаржылай сыйлаққа ие болды.

67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!