Маңғыстауда мәслихаттар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды
Маңғыстау облысында өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Осы орайда Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихаты мен Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана қаласы мен бірқатар аудандық мәслихаттардың арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған маңызды іс-шараның негізгі мақсаты - өңіраралық байланысты күшейту, тәжірибе алмасу және алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Рәсім аясында қатысушылар өңірлер арасындағы әріптестікті дамыту, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық бастамаларды қолдау бағытындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты жиында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков, Астана қалалық мәслихатының депутаты Асқар Смағұлов, Ақмола облысы Біржан сал аудандық мәслихатының төрағасы Нұргүл Қуатова, Зеренді аудандық мәслихатының төрағасы Райхан Ғабдуллина, Жақсы аудандық мәслихатының төрағасы Алмагүл Бірәлина, Сандықтау аудандық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Мұстафина және Целиноград аудандық мәслихатының төрағасы Ләззат Қонарбаева қатысып, меморандумға қол қойды.
Жиын барысында сөз алған Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Жәнібекұлы өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалар өзара байланысты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Маңғыстау облысына арнайы келіп, тәжірибе алмасқан әріптестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер өңірімізді аралап, тарихи-мәдени орындармен танысып, көрнекті жерлерді тамашаладыңыздар. Сонымен қатар, ел дамуына үлес қосқан танымал қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбектері туралы мағлұмат алдыңыздар. Осындай кездесулер өңірлер арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін береді деп сенемін», - деді Жаңбырбай Жәнібекұлы.
Оның айтуынша, тәжірибе алмасу мен ортақ жобаларды іске асыру өңірлердің әлеуетін арттыруға және халық игілігі жолындағы жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік бермек.