BS Holding «Әйел және Бизнес NEXT ERA» конгресіне басты демеуші болды
Ақтауда өткен «Әйел және Бизнес NEXT ERA» әйел кәсіпкерлігі конгресінде заманауи әйелдің қоғамдағы рөлі, кәсіпкерлікті дамыту, өмір сапасы мен қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Іс-шараға әртүрлі саланың өкілдері, кәсіпкер әйелдер, қоғам белсенділері мен бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Конгреске еліміздің құрылыс саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар BS Holding компаниясы бас демеуші болып, шараның серіктесі атанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты – бизнестегі жетістікпен қатар әйелдердің өмір сапасына, ішкі үйлесіміне және әлеуметтік ортасына назар аудару.
Форум барысында сөз сөйлеген компанияның коммерциялық директоры бүгінгі әйелдің қоғамдағы орны өзгергенін атап өтті.
– Қазіргі әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, бизнесті дамытып, команданы басқарып, қоғамдық процестерге белсенді араласып жүр. Сондықтан жетістік туралы айтқанда өмір сапасы, қауіпсіз орта мен адамның ішкі тыныштығы да назардан тыс қалмауы керек, – деді ол.
Спикердің айтуынша, соңғы жылдары тұрғын үйге деген көзқарас айтарлықтай өзгерген. Бұрын баспана негізінен мүлік ретінде қарастырылса, қазір тұрғындар өмір сүру ортасының сапасына, қауіпсіздікке және күнделікті жайлылыққа көбірек мән береді.
Компания өкілдері Ақтау, Ақтөбе және Өскемен қалаларында жүзеге асырып жатқан тұрғын үй жобаларында осы бағыт басшылыққа алынатынын жеткізді. Әсіресе балаларға арналған қауіпсіз аула, қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығы және тұрғындардың тыныш демалуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде аталды.
Конгресте көтерілген NEXT ERA тұжырымдамасы да осы идеямен үндес болды. Яғни, жаңа дәуір әйелінің бейнесі тек табысты кәсіпкермен шектелмейді. Ол – отбасының жайлылығын ойлайтын, қауіпсіз орта мен сапалы өмір салтын таңдауға ұмтылатын тұлға ретінде сипатталды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар әйел кәсіпкерлігін қолдау, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және қалалық ортаның сапасын жақсарту бағытындағы серіктестіктердің маңызы артып келе жатқанын атап өтті.