Otpan News Logo

Құрбан айт – 2026: Қарызы бар адамға құрбандық шалуға бола ма? Имам жауап берді

|
21.05.2026 15:23
Құрбан айт – 2026: Қарызы бар адамға құрбандық шалуға бола ма? Имам жауап берді


Құрбан айт мерекесі жақындаған сайын тұрғындар арасында құрбандық шалудың шарттары мен тәртібіне қатысты сұрақтар көбейеді. Осы орайда Ақтау қалалық «Ержан хазрет» мешітінің наиб имамы Мизанбай Абдолсабыр Абдолкәрімұлы otpannews.kz сайтының тілшісіне сұхбат беріп, оқырманды мазалаған маңызды сауалдарға жауап берді.


Наиб имамның айтуынша, құрбандыққа тек төрт түлікті, атап айтқанда, қой, ешкі, сиыр және түйені ғана шалуға рұқсат етіледі. Алайда олардың жасы мен денсаулығына қойылатын талап өте қатаң. Қой мен ешкі кем дегенде бір жастан асқан немесе алты айлық болса да, бір жасар қойдан кем түспейтіндей семіз, ірі болуы тиіс. Ал сиыр екі жастан, түйе бес жастан асуы шарт. 


Сондай-ақ құрбандыққа шалынатын малдың мүйізі бүтін, көзі көретін, тісі толық түсіп қалмаған, семіз және өзі жүре алатындай сау болуы керек. Ақсақ, соқыр немесе мүйізі түбінен сынған ауру, арық малдар құрбандыққа жарамайды.


Ірі қараны, яғни түйе мен сиырды жеті адам бірігіп шала алады және бұл азаматтардың арасында туыстық байланыстың болуы міндетті емес. Бірақ мұнда серіктестердің ниеті ең басты рөл атқарады. 


“Егер бірлескен алты адамның ниеті Жаратқанның ризашылығы үшін құрбандық шалу болып, ал жетінші адам тек ет алуды немесе пайданы көздесе, барлық жеті адамның да садақасы күмәнді болады. Сондықтан әркімнің ниеті тек Алла ризашылығы болуы шарт. Жалпы, құрбан шалу әрбір мұсылманға бірдей міндет емес. Оның өзіндік шарттары бар, яғни адам мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс және сапарда емес, өз тұрғылықты жерінде болуы керек. Ең бастысы – оның қаржылық жағдайы жеткілікті болуы тиіс. Діни өлшем, яғни нисаб мөлшері бойынша негізгі қажеттіліктерінен тыс 85 грамм алтынның құнына тең мал-мүлкі немесе қаржысы бар адам құрбан шалуға міндетті”,- деді наиб имам Абдолсабыр Абдолкәрімұлы. 


Ал қарызы мен кредиті бар азаматтарға келсек, өзгеге берешегі бар адам ең алдымен сол міндетті төлемінен, қарызынан құтылғаны жөн. Қарызын өтей алмай отырған адамға құрбандық шалу міндеттелмейді.


Халық арасында Құрбан айттан бір күн бұрын «шектік беру» дәстүрі де кең таралған. Имам бұл ұғымның тарихына тоқталып, «шектік» сөзі күмән дегеннен шыққанын түсіндірді. 


«Бұрын ай мен жыл санау нақты белгісіз болған заманда ата-бабаларымыз айт күнінен жаңылып қалмайық деген күмәнмен, бір күн бұрын мал сойып, дүниеден өткен жақындарының рухына бағыштаған. Шектік беру – міндетті амал емес, бірақ дініміз бұған қарсы емес. Керісінше, бұл күн қасиетті Арапа күніне сәйкес келетіндіктен, қайтыс болған жақындардың атынан садақа беріп, құран бағыштаудың сауабы мол»,- деп қосты имам. 


Сұхбат соңында наиб имам Абдолсабыр Мизанбай айт күндері жасауға болмайтын амалдарды да ескертті. Ұлық мерекеде ораза ұстауға, ренжісіп, араздасуға, сондай-ақ шалынған құрбандық малдың етін немесе терісін қасапшының еңбегі үшін ақы ретінде беруге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленіп, малдың еті мұқтаждар мен туған-туысқа ережеге сай таза ниетпен таратылуы тиіс.


«Айт күні үй жинап, суға түспейді, тырнақ алып, тазалық жасамайды деп жатады. Бұл діннің тыйымы емес, бабаларымыздың мәдени амалы болса керек. Өйткені бұл күн – мереке ғой. Үйге келетін кісінің қарасы көп болады. Сондықтан қонақтың көзінше үй жинап, орамалмен сүртініп жүрсе – әдемі көрініс емес. Айт күні әдемі киініп, әдемі сөйлеп, адамдарға жақсы тілек айтқан абзал»,- деп тәмамдады Ақтау қалалық «Ержан хазрет» мешітінің наиб имамы Мизанбай Абдолсабыр Абдолкәрімұлы.
80
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!