Биыл елімізде 3,3 миллион бала лагерьлер мен үйірмелермен қамтылады
Қазақстанда мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастырудың ауқымды жоспары таныстырылды. Биылғы маусымда еліміз бойынша 11 мыңнан астам демалыс орталығы жұмыс істеп, рекордтық көрсеткіштегі баланы қабылдауға дайын отыр. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алдағы жаз айларында атқарылатын жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Министрдің мәліметінше, жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін бірнеше бағыттағы бағдарламалар әзірленген. Мектеп жанындағы демалыс орталықтарында 3 миллионға жуық бала уақыт өткізсе, тағы 168 мың оқушы маусымдық лагерьлерге барады. Ал 44 мыңнан астам жеткіншекті жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталықтары қабылдайды.
Биылғы бағдарламада әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысына ерекше басымдық беріліп отыр. Мәселен, аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала мемлекеттік қолдаумен сауықтыру шараларына жолдама алады.
Сонымен қатар халықаралық және республикалық деңгейдегі пәндік, IT-олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық жарыстардың жеңімпаздары да назардан тыс қалмады. Олардың ішіндегі ең үздік 5 мың бала атақты «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық орталықтарында шыңдалса, өңірлер деңгейінде тағы 370 мың дарынды оқушыға арнайы қолдау көрсетіледі.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық демалыс нысандарына арнайы полиция инспекторлары бекітіліп, қызметкерлердің соттылығы алдын ала толық тексерілген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға қолайлы орта қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуы туралы тапсырмасы аясында елімізде ірі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, сондай-ақ 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес, соңғы 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Жылдың соңына дейін тағы 3 800 орындық 10 объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі»,- деді минстр Жұлдыз Сүлейменова.
Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан бұл нысандар тек демалыс орны емес, заманауи білім ошағына айналмақ. Олардың барлығы робототехника кабинеттерімен, IT зертханаларымен, заманауи ойын алаңдарымен және балалардың шығармашылық әлеуетін ашатын соны құралдармен жабдықталған. Қорыта айтқанда, биылғы жаз қазақстандық оқушылар үшін тек демалыс қана емес, жаңа технологияларды меңгеріп, денсаулығын нығайтатын пайдалы маусым болмақ.