Бейнеуде шекара арқылы 84 литр алкогольді заңсыз өткізбек болған
Бейнеу аудандық сотында шетел азаматы Ю.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 545-бабы бойынша, яғни Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде тыйымдар мен шектеулерді сақтау тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, биыл 20 сәуірде Бейнеу станциясындағы шекаралық бақылау кезінде халықаралық №329 «Душанбе – Волгоград» жолаушылар пойызының №4 вагонында келе жатқан шетелдік азаматшаның заңсыз түрде алкоголь өнімдерін алып өткені анықталған.
Тексеру барысында оның Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып, шекара арқылы 84 литр алкоголь өнімін өткізбек болғаны белгілі болды.
Сотта оның кінәсі өз түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және іс материалдарымен толық дәлелденген.
Сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде әйелдің кінәсін мойындауы мен жасаған ісіне өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Айта кетейік, ӘҚБтК-нің 545-бабына сәйкес мұндай құқық бұзушылық үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, құқық бұзушылық заты тәркіленеді.
Сот қаулысымен шетелдік азаматша кінәлі деп танылып, оған 64 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Заңсыз тасымалданған алкоголь өнімдері тәркіленді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.