Маңғыстау облысында медицина саласы соңғы 5 жылда қалай дамыды?
Маңғыстау өңірінде медицина саласы жыл сайын қарыштап дамып келеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Замануи құрал-жабдықтармен қамту деңгейі артып, жаңа медициналық нысандар бой көтерді. Қазақстан Республикасы Президентінің Халыққа арналған жолдауына сәйкес "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Маңғыстау облысында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қарақия ауданына қарасты Аппақ елді мекенінде, Маңғыстау ауданына қарасты Қосбұлақ ауылында, Бейнеу ауданына қарасты Тәжен ауылында медициналық нысандар мен фельдшерлік пунктер, дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы ерекше балалар үшін сапалы әрі қолжетімді оңалту қызметін қамтамасыз етуді басым міндеттерінің бірі ретінде атап өтті. Осы мақсатта Бейнеу ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған "Қамқорлық" оңалту орталығы ашылды. Мұнда балалар дер кезінде медициналық көмек алып, денсаулығын қалпына келтіруге, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алады. Енді ата-аналар баласын алысқа апармай-ақ аудан орталығынан сапалы қызмет ала алады. Жаңа орталық жылына 600-ден астам бала қабылдап, 14 күндік оңалту курстарын ұйымдастырады.
Ал Мұнайлы ауданында 150 орындық аурухана пайдалануға берілді. Жоба денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Көлемі 30 мың шаршы метр заманауи ғимарат қажетті медициналық жабдықтармен халықаралық стандарттарға сай толықтай қамтылған. Ауруханада стационарлық терапия, хирургия, босану бөлімі мен анестезиология, реанимация бөлімшелері жұмыс істейді. Аурухананың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы қатысты.
Ақтау қаласында еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы позитронды-эмиссиялық томография - ПЭТ КТА орталығы іске қосылды. Орталық онкологиялық ауруларды жоғары технологиялық диагностикалауға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Орталықтың жылдық жобалық қуаты 3000 адамды құрайды.
Маңғыстау облысында нәресте өлімі көрсеткіші де төмендеді. Бұл оң нәтижеге өңірдегі Ана мен бала орталығының қажетті замануи медициналық құралдармен толықтай жабдықталғаны және жүйелі әрі сапалы жұмысы айтарлықтай ықпал етуде. Былтыр ерте туған және туа бітті ақаулармен дүниеге келген 31 нәрестеге ота жасалып, олардың 95% аман қалды. Мамандар күрделі жағдайдағы сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы жұмыс жүргізеді.
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өңір тарихында алғаш рет шала туған нәрестелерге ретинопатия диагнозы бойынша жоғары технологиялық офтальмологиялық ота жүргізіледі.
Бұдан бөлек, перинаталдық орталыққа заманауи медициналық диодты «АЛОД-01» лазерлік аппараты іске қосылды. Жаңа құрылғы шала туған нәрестелер арасында жиі кездесетін ретинопатия ауруын ерте кезеңде анықтап, дер кезінде тиімді ем жүргізуге және балалардың көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Заманауи қондырғы «Аяла» қайырымдылық қорының бастамасымен, сондай-ақ «Galamat» серіктестігі, Qazaq Oil компаниясы және «220 Вольт» компаниясының қолдауымен табысталды.
Сонымен қатар Ана мен бала перинаталдық орталығында алғаш рет бір күндік клиника ашылды. Бір күндік клиника жүкті әйелдерге бір күннің ішінде барлық тексерістен өтуге мүмкіндік береді. Жүкті әйелдерге мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында замануи диагностика мен емдеу әдістері ұсынылады. 2025 жылы облыстық Ана мен бала орталығы беделді перинаталдық орталық номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінде алғаш рет ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған "Аққанат" ерте оңалту орталығы өз жұмысын бастап кетті. Мұнда тіл дамуының кешеуілдеуі және ДЦП диагнозы бар балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Әр баланың жағдайына жеке көзқарас қалыптастырып, оңалту жұмыстары жүргізіледі.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған стоматологиялық кабинеті ашылды. Мұнда психоневрологиялық есепке тұрған сондай ақ дамуында ерекшеліктері бар балаларға жалпы жансыздандыру арқылы стоматологиялық көмек көрсетіледі. Мұнда білікті мамандар мен анестезиолог дәрігерлер қызмет атқарады. Бұл бастама ерекше балалардың сапалы әрі қолжетімді стоматологиялық көмек алуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ биыл көпбейінді балалар ауруханасына кореялық дәрігерлер делегациясы келіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл өңірдегі медицина саласының жеткен үздік жетістіктерінің бірі деп айтуға болады. Себебі, науқас балаларға шетелдік дәрігерлер ота жасап, олардың шетел аспай-ақ, қала орталығында ем алуына мүмкіндік туды.
"Жасалған меморандум денсаулық сақтау саласындағы өзара тәжірибе алмасу, білікті мамандар даярлау, жаңа технологияларды енгізу және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді" - деді Әулие Мария халықаралық клиникасының резиденті Ко Дон Хен.
Білікті шетел мамандарынан тәжірбие алу біздің дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі болашақта осы отаны басқа науқас балаларға жасайды. Бұл іс-шара ота жасатуға қалтасы көтермейтін ата-ана мен балаға арналған “Мүмкіндік” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаның мақсаты - әлем бойынша үздік деп танылған 6 медицина маманын елге әкеліп, 60 балаға ота жасату. Ал әлемдік деңгейдегі 6 хирургты елімізге шақырту арқылы шығынды 240 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туып отыр. Айта кетейік, Кореядан келген дәрігерлер 10 шақты балаға ота жасады.
Бейнеу ауданында үздік тәжірбие орталығы ашылды. Негізгі мақсат - алғашқы медициналық санитарлық көмекті ұйымдастырудың замануи стандарттарына сәйкес халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Маңғыстау облысында медициналық кадрлармен қамту деңгейі артып келеді. 2025 жылы өңірге 123 жас дәрігер келді. Оның ішінде 61 маман ауылдық жерлерге жіберілді. Әлеуметтік қолдаудың аясында Мұнайлы ауданында кадр тапшылығы мәселесі жойылды. Облыстағы жұмыстың тартымдылығын арттыру үшін көтерме төлемдер 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Мамандар қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 32 дәрігер шетелде оқып, біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері мен орталық Азия елдерінің екінші пәнаралық эндохирургия конгресі өтті. Халықаралық ғылыми медициналық бас қосу Маңғыстау өңірінде екінші рет ұйымдастырлып отыр. Медицина ғылымындағы өзекті мәселелер мен замануи технологиялар бойынша тәжірбие алмасып, кәсіби ынтымақтастықты арттырды.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласын дамыту аясында жедел медициналық жәрдем қызметі елеулі түрде нығайтылды. Атап айтқанда, облыстық жедел жәрдем қызметі автопаркі 32 жаңа замануи автокөлікпен толықты. Сонымен қатар өңірдегі медициналық ұйымдарға қосымша 18 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Жаңа автокөлік науқастарға дер кезінде әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік беретін қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең маңызды жаңалықтың бірі - Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының жаңа бас ғимараты пайдалануға берілуі. Заманауи талаптарға сай салынған нысан жедел жәрдем қызметінің сапасын аттыруға, медицниа қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған. Жаңа ғимарат қажетті техникалармен жабдықталған, диспетчерлік қызмет жаңартылған және арнайы қызметтік бөлімдермен толықтай қамтылған. Бұл өз кезегінде шұғыл шақыртуларға жедел әрекет етуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтау қаласында №1 емханасында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірбие орталығы ашылды. Үздік тәжірибе орталығының ашылуы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды қадам. Бұл орталық салтанатты түрде ашылып, іс-шараға облыстың басқа да емдеу мекемелерінің басшылары, ардагер дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жиналды. Ақтауда №1 қалалық емханаға тіркелген халық саны 54 мыңнан асады. Орталықтың басты міндеті - халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, науқасты емдеу және аурудың алдын алу процесін жеделдету.
Медицина саласына замануи жүйенің де белсенді түрде кіргенін айтуға болды. Атап айтсақ, Маңғыстауда инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Жасанды интеллекттің көмегі арқылы қойылатын диагноз өлім-жітімді 40%-ға дейін азайтып отыр.
«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі - Cerebra AI. Бұл - инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», - деген болатын Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Мемлекет басшысының тапсырмалары мен заманауи үрдістерге сай атқарылған бұл ауқымды жұмыстар Маңғыстау облысындағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулығын жақсартудың берік іргетасына айналды.