«Есірткісіз Маңғыстау»: Жастарды қылмыстық жолдан сақтандыруды көздейді

Ақтауда студенттер арасында «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы аясында семинар өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинар – қазіргі уақытта аса өзекті әрі қажетті бастама болып отыр. Аталған іс-шараның мақсаты - интернет арқылы таралатын тыйым салынған заттардың жолын кесу және осы бағытта киберволонтерлерді дайындауға бағыталған.
Семинарда техникалық сала маманы, «Ақтаутранстелеком» филиалының техникалық бөлімінің басшысы, "Компьютер инженериясы" және "Жасанды интеллект пен смарт технологиялар" кафедраларының оқытушысы Абылай Дағыстан жастар арасындағы өте алаңдатарлық бір жайтты атап өтті.
Соңғы уақытта жастардың есірткі тасымалдаушы – «курьер» ретінде жұмысқа тарту дерегі жиілеген. Бұл әрекет арнайы ұйымдастырылған алаяқтық арқылы жүзеге асады. Яғни, жұмысқа шақыру жарнамалары әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарында жарияланады. Ал үміткерлер жалған құжаттар арқылы жұмысқа қабылданып, өздері де байқамастан қылмысқа тікелей араласады.
«Интернеттің дамуы бір жағынан мүмкіндіктер есігін ашса, екінші жағынан қауіп-қатердің де көзіне айналды. Бүгінде жастардың цифрлық ортада еркін жүруі маңызды, бірақ бұл еркіндік олардың киберқылмыс құрбаны болуына жол ашпауы керек», - деді Абылай Дағыстан.
Мұндай жағдайлар көбіне жұмыссыз жүрген, жеңіл табыс тапқысы келетін жастарды нысанаға алады. Нәтижесінде олар есірткі тасымалына қатысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл олардың болашағына балта шабатын ауыр салдарға әкеледі.
Абылай Дағыстан бұл мәселеге тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам, әсіресе білім беру мекемелері мен отбасы тарапынан да жіті назар аудару керек екенін баса айтты.
