Маңғыстауда Әзірбайжанның қоғамдық телеарнасы жаңа тележобаның түсірілімін бастады

Маңғыстауда Әзірбайжан қоғамдық телеарнасының шығармашылық тобы «Yemәsәm olmaz» жобасының түсірілімін бастады. Делегация Каспий теңізінің жағалауы мен Ақтаудың көрікті жерлерін бейнеге түсірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, түсірілім тобы алдымен Каспийдің бойындағы жартасты соқпақпен (скальная тропа) жүріп өтті. Аталған жер тұрғындардың жиі келетін серуен орындарының бірі саналады. Сондай ақ, 4-шағынаудандағы №9 тұрғын үйінің үстінде орналасқан «Маяк» нысанына барды. 1970-жылдары салынған маяк – тұрғын үйдің төбесіне орнатылған ерекше сәулет үлгісі. Маяктың орналасу биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 73 метр деп есептеледі.
«Yemәsәm olmaz» жобасының жүргізушісі Азиз Алиев түсірілімнің негізгі бағытын айтты.
«Yemәsәm olmaz» – түрлі елдердің ұлттық тағамдарын таныстыратын жоба. Бауырлас Қазақстанға келдік, осында болғанымызға өте қуаныштымыз. Бүгін Каспий жағасындағы әдемі қала – Ақтаудамыз. Мұнда қазақтың ұлттық асханасымен танысамыз. Бұған дейін Астана мен Алматыда болдық, түрлі дәмдерді татып көрдік. Бізге Ақтауда да ерекше ұлттық тағамдар ұсынылады деп айтты. Сондай-ақ, Маңғыстауда түйемен жүру, киіз үй көру сияқты дәстүрлі өмір салтын да түсіреміз, - деді Азиз Алиев.
Делегация қаланың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай ақ, Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің көне жәдігерлерін көрді.
Айта кетейік, түсірілім тобы бүгін «Jeti» мейрамханасы мен «Көгез» этноауылында болып, өңірдің ұлттық тағамдарымен танысады. Ал жексенбі күні Бекет ата жерасты мешітіне зиярат жасап, Бозжыра шатқалына барады.
