Otpan News Logo

Ақтауда балаларға қонақ күту әдебі үйретілді

Ақтауда балаларға қонақ күту әдебі үйретілді

АҚТАУ. OTPANEWS.KZ – Маңғыстауда өтіп жатқан «Текті бала» ұлттық таным лагерінің алтыншы күні «Қазақ дастарханы» тақырыбына арналды. Бағдарлама аясында балалар халқымыздың қонақжайлық дәстүрі, дастарқан мәдениеті мен ұлттық әдеп ережелері туралы мағлұмат алды.


Алдымен қатысушылар Достық үйінің артында тігілген киіз үйге барып, оның құрылымы мен Маңғыстау өңіріне тән ерекшеліктерімен танысты. Танымдық сабақ барысында Тамара Қалмырзақызы киіз үйдің шығу тарихы, ұлттық дүниетанымдағы орны және ата-бабадан жалғасып келе жатқан жасау дәстүрі туралы әңгімеледі.


Одан кейін бағдарлама «Үстірт» қонақ үйінде жалғасты. Мұнда балалар қонақтың қолына су құю әдебін, табақ тарту дәстүрін және дастарқан басындағы тәртіпті үйренді. Сонымен қатар үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету секілді ұлттық тәрбиенің негізгі қағидаларына мән берілді.


Түскі асқа қатысушыларға қазақтың ұлттық тағамы – ет ұсынылды. Осылайша, балалар ұлттық тағам түрлерімен ғана емес, оны ұсыну мен дастарқан басында отыру мәдениетімен де танысты.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай танымдық сабақтар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, ата-баба дәстүрін күнделікті өмірде дәріптеуге бағытталған.


Айта кетейік, «Текті бала» ұлттық таным лагері жеті күнге жоспарланған. Әр күн белгілі бір ұлттық құндылыққа арналып, балалардың ұлттық тәрбие мен салт-дәстүр туралы білімін кеңейтуге бағытталған.

71
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!