Арал – Каспий магистралі жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін қысқартады
АСТАНА. OTPANNEWS.KZ – Қазақстанда ірі көлік дәліздерінің құрылысы жалғасып жатыр. Соның бірі – Арал – Каспий магистралі. Жоба іске қосылғанда жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік туады. Құрылысты 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл туралы Үкіметте экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылдың тамызында Президент Арал – Каспий магистралінің құрылысына ресми түрде бастау берген.
Бұдан бөлек, жүк ағынының артуына байланысты «Көкшетау – Петропавл» теміржол учаскесін кеңейтуге дайындық жүргізілуде. Құрылысты 2027 жылдың алғашқы жартысында бастау көзделген.
Үкімет автомобиль жолдарының сапасын арттыруға да басымдық беріп отыр. Осы мақсатта жол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
«Мемлекет басшысы жолдардың сапасын бірнеше рет орынды сынға алды. Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық автомобиль жолдарына жауапты орган ретінде Көлік министрлігі айқындалды. Жол құрылысының стандарттарын арттыру және осы саладағы барлық қатысушылардың жолдың сапасымен байланысты жауапкершілігін күшейту мақсатында менің төрағалығыммен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы саладағы озық халықаралық тәжірибені зерделеп, жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер әзірлеп, кемшіліктерді жоюға бағытталған барлық қажетті, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын тиісті іс-қимыл жоспарын ұсынамыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.