Otpan News Logo

Маңғыстаулық биолог жусаннан диффузор жасады

|
04.11.2026 10:31
Маңғыстаулық биолог жусаннан диффузор жасады

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстаулық биолог Саясат Кемалова жусаннан хош иісті диффузор жасауды қолға алған. Ол туған жердің табиғи байлығын танытып, өскелең ұрпаққа өсімдіктер әлемінің қыр-сырын танытуды мақсат тұтады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Жобаның негізі автордың ұстаздық қызметінен басталған. Ол мектепте жұмыс істеген жылдары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қосымша білім беру үйірмелерін жүргізген. Сай-Өтес ауылындағы Өтес орта мектебі жанындағы жылыжай жетекшісі болған. Жылыжайда 70-80 ге жуық өсімдік өсірілді. Өсімдіктерді дәрілік және косметикалық бағытта зерттеп, балаларға теориялық біліммен қатар практикалық сабақтар өткізген.


Кейін Маңғыстау облыстық Оқушылар сарайында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, балалармен тікелей жұмыс істеуді жалғастырған. Осылайша жусаннан түрлі өнім әзірлеу идеясы оқушыларға арналған үйірме сабақтарының бір бағытына айналған.


Жоба аясында балалар алдымен өсімдік туралы әдебиеттер мен ғылыми материалдарды оқып, оның шығу тарихын, қасиеттерін және қолданылу ерекшеліктерін зерттейді. Мәселен, жусан тақырыбы арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, аңыздары мен туған жерге деген сағынышы да кеңінен түсіндіріледі. Себебі жусан – халқымыздың танымында туған жердің символына айналған өсімдіктердің бірі.


Саясат Кемалованың айтуынша, мұндағы басты мақсат – балаларға дайын ақпарат берумен шектелмей, өздігінен ізденуге, зерттеуге және тәжірибе жасауға үйрету. Сабақ барысында оқушылар өсімдіктерді қолмен ұстап, олардың ерекшеліктерін бақылап, алған білімдерін іс жүзінде қолданады. Бұл олардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, кәсіптік бағдар алуына мүмкіндік береді.


-        Қосымша білім берудің артықшылығы – бала үйірмені өз қызығушылығына қарай таңдайды. Сол арқылы өзінің қабілетін байқап, болашақ кәсібіне бағыт алуы мүмкін. Ең бастысы, бала көріп, ұстап, тәжірибе жасау арқылы үйренгенін ешқашан ұмытпайды, – дейді Саясат Кемалова.


Бүгінде жусаннан диффузор әзірлеу бастамасы да осы ізденістің бір нәтижесі. Жоба авторы алдағы уақытта өзге де өсімдік түрлерін зерттеп, оларды тәжірибелік сабақтар мен жаңа өнімдер әзірлеуде пайдалануды жоспарлап отыр.
















49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!