Маңғыстаулық маман әлемдегі үздік ірімшікті анықтайтын қазылар құрамына енді
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстаулық маман Александра Григоролова әлемдегі ең беделді ірімшік байқауларының бірі – World Cheese Awards 2026 халықаралық чемпионатына қазылық етуге шақырылды. Ол ел тарихында аталған байқаудың шешуші кезеңінде төрелік ететін алғашқы отандық сарапшы, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Биыл халықаралық чемпионат 12–15 қараша аралығында Испанияның Андалусия аймағындағы Кордова қаласында өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен ірімшік өндірушілер мен сала мамандарын біріктіретін ауқымды шараға 56 елден 5 500-ден астам ірімшік түрі ұсынылады.
World Cheese Awards – жыл сайын түрлі мемлекеттерде ұйымдастырылатын, ірімшік өндірісіндегі үздік өнімдерді анықтауға бағытталған халықаралық байқау. Мұнда өнімдердің сапасы, дәмдік ерекшеліктері, құрылымы және өзге де көрсеткіштері кәсіби сарапшылар тарапынан бағаланады.
Александра Григолова 2023 жылдан бері аталған чемпионатқа халықаралық қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып келеді. Алғаш рет Норвегияда өткен байқауда төрелік еткен ол 2024 жылы Португалияда, 2025 жылы Швейцарияда ұйымдастырылған чемпионаттарға қатысқан. Ал биыл ол финалда үздік ірімшікті анықтайтын халықаралық қазылар алқасы құрамына енді.
Александра Григолованың айтуынша, «Жеті лақ» фермасы Қазақстанда өндірілген ірімшіктерді халықаралық байқауларға алғашқылардың бірі болып таныстырған. Осы уақытқа дейін маңғыстаулық ірімшік өндірушілер әлемдік деңгейдегі байқауларда 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған. Отандық өнімдердің әлемдік деңгейде бағалануы қазақстандық өндірушілердің әлеуетін көрсетіп, саладағы кәсіби тәжірибенің дамуына ықпал етеді. Сарапшы халықаралық чемпионаттың финалында төрелік етуді кәсіби мансабындағы аса маңызды белестердің бірі деп бағалайды.
- Мен үшін халықаралық чемпионаттың финалында төрелік ету – кәсіби мансабымдағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Мұндай беделді байқаудың шешуші кезеңіне шақырту алу футболдан әлем чемпионатының немесе Олимпиада ойындарының финалында қазылық етумен пара-пар. Бұл – мен үшін ғана емес, Қазақстанның ірімшік өндірісі саласы үшін де үлкен мәртебе, - деді ол.