Ақтауда қазақша-парсыша сөздік таныстырылды
OTPANNEWS.KZ – Ақтауда қазақ ғалымы Қажы Мұхаммед Шадкамның «Қазақша-парсыша сөздігінің» тұсаукесері өтті. Ғылыми еңбек қазақ және иран халықтарының тілдік әрі мәдени байланысын тереңдете түседі.
Иранда дүниеге келген Қажы Мұхаммед Шадкам саналы ғұмырын қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуге арнаған. Ғалым Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларын парсы тіліне аударған.
Көп жылғы ізденісінің нәтижесінде қазақ сөздерінің парсы тіліндегі баламаларын жинақтап, сөздік құрастырған.
Тұсаукесерге қатысушылар еңбектің Қазақстан мен Иран арасындағы ғылыми, мәдени және дипломатиялық байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.
«Зерттеуші, қажырлы ғалым марқұм Қажы Мұхаммед Шадкамның қаламынан туған «Қазақша-парсыша сөздіктің» тұсаукесері – көршілес әрі дос екі ел арасындағы дипломатиялық, ғылыми және халықтар арасындағы қарым-қатынастарды нығайту жолындағы маңызды әрі құтты қадам. Сөздіктегі әрбір сөз Каспий жағалауындағы халықтарымыздың ежелден келе жатқан қарым-қатынасын, достық байланыстарын, мәдени, діни және тарихи жақындығын айғақтайды», – Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының бас консулы Джафар Замани.
Қажы Мұхаммед Шадкам 2020 жылы өмірден өткен. Қазақ мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Ғалымның артында қалған ғылыми мұрасы қазақ және иран халықтарының рухани байланысын нығайтуға, тіл мен мәдениетті өзара танытуға қызмет етіп келеді.