Otpan News Logo

Әйелді аңдып, үйіндегі камераны өшірген: Ақтауда сталкерге сот үкімі шықты

Әйелді аңдып, үйіндегі камераны өшірген: Ақтауда сталкерге сот үкімі шықты

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Әйелді бірнеше ай бойы аңдып, үйінің есігін қайта-қайта қағып мазасын алған ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Ол жәбірленушінің пәтеріндегі бейнекамераның жад картасын да алып кеткен.


Ақтау қалалық сотының мәліметінше, ер адам 2026 жылдың тамызы мен қазаны аралығында әйелді қайта-қайта мазалаған. Сондай-ақ WhatsApp арқылы қоңырау шалып, SMS хабарламалар жіберген. Сотталушының бұл әрекеттері әйелдің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзған.


Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан. Жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші оны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза беруді өтінген.


Прокурор сотталушыны 25 тәулікке қамауды сұраған. алайда сот оның кінәсін мойындауы мен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған.


Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!