Otpan News Logo

Отбасы институтын нығайтады

|
04.11.2026 12:43
Отбасы институтын нығайтады

Президенттің жыл сайынғы Жолдауы ел дамуының маңызды бағыттарын айқындап, қоғам алдына жаңа міндеттер қояды. Біздің жұмысымызда отбасы, гендерлік саясат, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ қоғамдық шешімдер қабылдау үдерісіне азаматтардың белсенді қатысуы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Менің ойымша, қоғамдағы елеулі өзгерістер азаматтық мәдениетті қалыптастырудан, білім деңгейін арттырудан және белсенді азаматтық ұстанымды дамытудан басталады. Білім мен мәдениет – қоғамның тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі.


Әйелдерді қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастамалардың маңызы ерекше. Бүгінде көптеген әйелдер, соның ішінде көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматшалар өз кәсібін ашып, түрлі қызмет көрсетіп, шағын кәсіпорындар құруда. Алайда салық саласындағы өзгерістер олардың кейбірі үшін елеулі қиындық туғызып, нәтижесінде бірқатар кәсіпкер әйел өз қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Осы орайда Мемлекет басшысының жекелеген тәсілдерді қайта қарау және шағын бизнеске қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударуы маңызды. Қарастырылған қолдау шаралары әйел кәсіпкерлерге өз қызметін жалғастыруға, қаржылық дербестігін нығайтуға және өңір экономикасының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді деп сенеміз.


Біздің міндетіміз – халықты қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыру ғана емес, әрбір әйелдің, әрбір отбасының үні естілуіне ықпал ету. Президент Жолдауында белгіленген бастамаларды жүзеге асыру отбасы институтын нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әділетті, жауапты әрі белсенді қоғам қалыптастыруға жасалған маңызды қадам болатынына сенімдімін.


Жақсыгүл Маханбетова, 

«Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы»

қоғамдық қорының директоры, 

облыс әкімдігі жанындағы

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!