Otpan News Logo

Ақтауда қоқыс сұрыптауға арналған фондаматтар жұмыс істейді

|
04.11.2026 14:48
Ақтауда қоқыс сұрыптауға арналған фондаматтар жұмыс істейді

OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласында қоршаған ортаның ластануын азайтып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған «Zero Waste Ақтау» экологиялық жобасы аясында қала аумағында 5 фондамат жұмыс істейді. Бастама тұрғындар арасында қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеуге жарамды шикізатты тұрмыстық қалдықтардан бөлек жинауды көздейді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


 «Zero Waste Ақтау» экологиялық жобасының директоры Диана Джаналиеваның айтуынша, жобаның басты мақсаты – қалдықтарды тек жинап, полигонға жөнелту емес, оларға екінші өмір сыйлау. Бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігінен туындаған.

- Жоба аясында пластик бөтелкелер мен алюминий сусын құтыларын бөлек жинауға басымдық беріледі. Сонымен қатар, картон мен қағаз қалдықтарын сұрыптау бағыттары да қарастырылуда. Қазіргі таңда Ақтау қаласында фандоматтар қала тұрғындарына қолжетімді әрі ыңғайлы болуы үшін адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен сауда орталықтарының маңына орналастырылған. Атап айтқанда, құрылғылар Shum, Saya park, Akkala mall ойын-сауық орталықтарының алдында орнатылды. Сонымен қатар, AIS мектебінің аумағында екі фандомат жұмыс істеп тұр, - деді Диана Джаналиева.

Алдағы уақытта фондаматтарды қаланың өзге де шағынаудандары мен әлеуметтік нысандарында көбейту жоспарлануда. Жиналған қалдықтар арнайы жинақталып, сұрыптау және өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Онда қалдықтар түріне қарай бөлініп, қайта өңдеуге дайындалады. Кейін екінші реттік шикізат ретінде өндірісте пайдаланылады. Осылайша полигонға түсетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік қарастырылған.


Болашақта сұрыптау құрылғыларының санын арттыру, бөлек жинау инфрақұрылымын кеңейту және қайта өңдеу кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамыту көзделген. Басты мақсат – қалдықтарды сұрыптауды Ақтау тұрғындарының күнделікті дағдысына айналдыру.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!