Otpan News Logo

Алина Наурызалиева: бір салада ұзақ қызмет ету қажырлы еңбекті талап етеді

|
04.11.2026 10:11
Алина Наурызалиева: бір салада ұзақ қызмет ету қажырлы еңбекті талап етеді

Әлемде сан мыңдаған мамандық бар. Әр адам өз жан қалауындағы салаға бет бұрып, сол істі жасау арқылы өмір сүреді. Бүгінде өзінің тұрақты жұмысын таппай сенделіп жүрген жастар жетерлік. Ал ұзақ жылдар бойы бір саланың жілігін ішіп майын ішкен, жетістіктерге жетіп жүрген мамандар да бар. 


Алина Наурызалиева – Маңғыстау облысындағы болат құбыр өндіретін QARMET TUBULAR AKTAU зауытының бас есепшісі. Ол зауыттағы еңбек жолын 2007 жылы бақылаушы қызметінен бастаған. 2008 жылы жабдықтау бөліміне ауысып, жетекші маман, жабдықтау жөніндегі инженер болды. 2011 жылы бухгалтерлік есеп бөліміне орналасқан. Бүгінде білікті маман кәсіпорынның қаржылық есеп-қисабын жүргізіп қана қоймай, әр қызметкердің құжаттарын реттеумен, зауытқа түскен тапсырыстарды есепке алумен және экспортталатын өнім көлемін бақылаумен айналысады. Осылайша, бас есепші өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен толықтай таныс, әрі әрбір процестен хабардар маманға айналды.


Алина Наурызалиеваға сандармен жұмыс істеп, күрделі есептердің шешімін табу бала жасынан ұнайды. Сондықтан ол өз мамандығын саналы түрде, сүйіп таңдаған. Қазіргі таңда зауытта 189 адам еңбек етеді. Бас есепші әрбір қызметкердің туындаған сұрақтарына жауап беріп, көмектесуге қашан да дайын екенін айтады.

- Қазір зауытта 189 қызметкер жұмыс істейді. Әрбір маман зауыт жұмысының алға басуы үшін аянбай еңбек етуде. Жұмысшылар еңбекке қатысты сұрақтармен келсе, ешқашан жауапсыз қалдырмаймыз. Керісінше, мәселесін шешіп, қолдау білдіруге тырысамыз,– деді Алина Наурызалиева.


Зауыттың жұмысы түскен тапсырыс көлеміне тікелей байланысты. Бүгінде ірі компаниялармен серіктестік орнатқан кәсіпорын өз өнімдерін отандық нарыққа да, шетелге де экспорттап отыр. Нарықта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан зауыт «ҚазТрансОйл» және «Өзенмұнайгаз» сияқты ірі компанияларды құбыр өнімдерімен қамтамасыз етіп, сенімді серіктес екенін дәлелдеген. Бұдан бөлек, италиялық Tenaris компаниясымен бірлесіп ауқымды жобаны жүзеге асырды. Сондай-ақ өнімдерін Өзбекстанға экспорттап, жыл сайын 100–200 мың құбыр жеткізіп тұрады. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайды.



Бүгінде әр істің басын бір шалып, жұмысында тұрақсыздық танытып жүрген жастар жетерлік. Көп жылдық тәжірибесі бар мамандар бүгінгі өскелең ұрпақ үшін таңғалардық дүние. Оны көпшілік бір орында тұралап қалу десе, кейіпкеріміз керісінше өз ісін сүйіп, жұмысына берілген жан ғана ұзақ жыл бойы бір мамандықта жұмыс істей алады дейді. 

- Қазіргі адамдардың назарын ұстап тұру қиын. Әсіресе жастардың көбі бір жұмыста, бір салада шыдамдылық танытып қызмет ете алмайды. Бұл қажырлы еңбекті талап етеді. Әр жұмысты бір жасағаннан гөрі, тұрақты бір мамандықта болып, үлкен нәтиже көрсеткен дұрыс деп ойлаймын,- деді Алина Наурызалиева.
57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!