Otpan News Logo

Ел дамуының жаңа бағдары

|
03.11.2026 16:12
Ел дамуының жаңа бағдары
Фото: strategy2050

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа жəне ілгерілеу болмайтыны айдан анық» дей келе, бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, əділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасу керектігіне баса назар аударды. Ел Президентінің Жолдауындағы жеті басымдық жөнінде пікір білдіруді жөн санадым.


Ең негізгі бастама – «Халықтық құрылыс»


Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласында түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер жүргізуге жəне реформаларды іске асыруға жол ашады. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөліп, əлеуметтік, көлік жəне инженерлік инфрақұрылым салу жоспарда бар. Алғашқы кезекте 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны жəне 50-ге жуық білім, спорт, мəдениет мекемесінің құрылысын бастау. Мұның мағынасы – жинақталған ұлттық байлықты халық күнделікті пайдаланатын нақты игілікке айналдыру. Мектеп, аурухана секілді əлеуметтік нысандарды салу жəне инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін жақсарту арқылы жалпыхалықтық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бұл ауқымды бастама жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың əл-ауқатын жақсартуға тың серпін бермек.


Экономикалық дербестіктің негізі ретінде энергетика мен логистиканы дамытуға айрықша мəн беріледі.


Ел Президенті энергетикалық тəуелсіздік елдің бəсекеге қабілеті мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактордың бірі деп атады. Жолдауда 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне жету міндеті көрсетілген. Электр станциялары мен желілерді жаңарту, атом жəне жаңартылатын энергетиканы дамыту қарастырылған. Логистика саласы бойынша Қазақстанның халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырудағы рөлін күшейту, отандық тасымалдаушыларды қолдау, көлік тораптарының айналасында өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамыту ұсынылады.


Бұл екі бағыттың ортақ мақсаты – елдің географиялық жəне шикізаттық мүмкін-дігін тұрақты экономикалық қуатқа айналдыру. Электр энергиясы жаңа өндірістер мен деректер орталықтарына қажет болса, көлік жүйесі олардың нарыққа шығуына жағдай жасайды.


Цифрландырудың басты өлшемі – азаматтың табысы мен еңбек өнімділігі.


Ол мынадай нақты міндеттермен көрсетілген: азаматтардың цифрлық құралдар арқылы заңды табыс табуына жағдай жасау, ауыл өндірушілерін маркет-плейстермен, банктермен жəне логистикалық компаниялармен байланыстыру, цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру, жасанды интеллектіні өндіріс пен мемлекеттік басқаруда практикалық мақсатта қолдану.


Əлеуметтік саясатта ұзақ мерзімді мүмкіндік жасауға басымдық берілген. Əлеуметтік көмекті шын мұқтаж адамдарға бағыттауды, сонымен бірге медицина, білім жəне балаларға арналған инфрақұрылымды кеңейту. Жаңа əлеуметтік тетіктерді алдымен пилоттық режимде тексеру қажеттігі де көрсетілген.


Халыққа тікелей қатысты бар тапсырмалар да аталып өтті: ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге көтеру, учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40% арттыру, ел аумағында 8 перинаталды орталық, көпбейінді балалар ауруханаларын салу, инклюзивті білім беру жағдайын жақсарту.

Кəсіпкерлікке қатысты негізгі ұстаным – тұрақты ереже, қаржы жəне əділ бəсеке.


Салық нормаларындағы қайшылықтарды жою, артық жүктемені азайту, ұзақ мерзімді несие беру, шағын жəне орта бизнесті мемлекеттік сатып алуға көбірек қатыстыру қарастырылған. Жолдауда 2027 жылдан үш жылдық тексеру мораторийі орындылығын талқылау ұсынылған, сондай-ақ ірі дəулет иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін зерттеп, ұсыныс енгізу тапсырылған. Сондай-ақ жаңа Азаматтық кодексті əзірлеу жəне қабылдау туралы да айтылды.


Жолдаудың саяси-басқарушылық өзегі – мемлекеттік аппараттан нақты нəтиже талап ету.


Мемлекет басшысы мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажеттігін атап өтті. Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл əкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарауды міндеттеді. Билік жүйесі цифрландыру дəуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек. Мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын 2027 жылғы 1 маусымға дейін ұсыну тапсырылды. Атап айтқанда, қайталанатын міндеттерді жою, шешім қабылдауды жеделдету жүргізілді.


Менің ойымша, биліктің тиімділігін əр азамат сезінетін нəтижемен бағалауға екпін қойылған: сапалы жол, қолжетімді ем, жұмыс, табыс, жұмыс істейтін өндіріс. Ауқымды қаржы бөлу осы нəтижелерге жеткізетін басқару қабілетімен бірге қарастырылған.


Жолдаудың идеологиялық мағынасы – əділеттілік, еңбек жəне жауапкершілік арасындағы байланыс.


Жолдаудағы басты ұстанымдардың бірі – кез келген реформаның нақты нəтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. «Адал азамат», «Заң жəне тəртіп», «Таза Қазақстан» ұғымдары күнделікті мінез-құлықпен байланыстырылған: заңды құрметтеу, адал еңбек ету, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарау. Қорытып айтқанда, мемлекет азаматқа сапалы қызмет пен даму мүмкіндігін ұсынуға тиіс; азаматтың үлесі еңбекпен, заңға құрметпен жəне қоғамдық жауапкершілікпен сипатталған Əділеттілік – əр азаматқа тең мүмкіндік беру, заң үстемдігін қамтамасыз ету жəне қабылданған шешімдердің халық мүддесіне қызмет етуі. «Əділет» партиясы үшін де бұл қағидаттар айрықша маңызды. Ең бастысы – қолға алынған бастамалардың игілігін халық сезініп, əрбір өңірдің дамуы тұрғындардың өмір сапасының жақсару-ынан көрінуі тиіс.


Нұрбек ҚАРАСАЕВ,

«Əділет» партиясы

Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!