Синтетикалық есірткі: Батыр ауылынан тоғыз жасырын орын табылды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында полицейлер заңсыз айналымнан 200 грамға жуық синтетикалық есірткі тәркіледі. Күдікке ілінген үш азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға 28 қазанда Ақтау қаласында болған. Полиция қызметкерлері «Канал – Каспийский маяк» және «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында 28А шағынауданында үш адам отырған Toyota Camry көлігін тоқтатқан.
Күдіктілердің бірінің телефонын тексеру кезінде белгісіз куратормен жазысқан хаттары мен есірткі жасырылған орындардың координаттары анықталған. Осы ақпарат негізінде полицейлер Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының шетінен тоғыз жасырын орынды тапқан. Ол жерлерден жалпы салмағы шамамен 170 грамм болатын, альфа-PVP болуы мүмкін ұнтақ тәрізді зат салынған 170 орама тәркіленді.
Бұдан бөлек, күдіктілердің бірінің пәтерін тінту кезінде осындай зат салынған тағы 30 орама табылған. Олардың жалпы салмағы шамамен 30 грамм. Сондай-ақ электронды таразы мен есірткіні орауға арналған материалдар алынған.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.