Маңғыстау облысында құқықтық қызметтердің қолжетімділігі артып келеді
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысы әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов айтты.
Спикердің айтуынша, департамент заңды тұлғаларды тіркеу, атқарушылық іс жүргізу, адвокатура, нотариат және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағыттарында жұмыс істейді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің электрондық форматта көрсетілу үлесі артып, азаматтардың қажетті құжаттарды қашықтан алу мүмкіндігі кеңейген.
Брифинг барысында спикер атқарушылық іс жүргізу саласындағы жұмыстарға да тоқталды. Қазіргі уақытта облыста 8 мемлекеттік және 72 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Әсіресе алимент өндіру мәселесіне басымдық берілген. Борышкерлердің берешегін өтеуіне ықпал ету мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіледі.
-Атқарушылық іс жүргізу – азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі маңызды бағыттардың бірі. Сот шешімінің орындалуы – заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Сондықтан алимент өндіру мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Борышкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, оларды жұмысқа орналастыруға да көмектесеміз. Сонымен қатар сот орындаушыларымен байланысты жеңілдету үшін «Тараптар кабинеті» мобильді қосымшасы қолданылады. Ол арқылы азаматтар өтініш жолдап, атқарушылық іс жүргізу материалдарымен танысып, қажетті төлемдерді қашықтан жасай алады, - деді Асулан Каримов.
Департаменттің тағы бір маңызды бағыты – тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету. Спикердің мәліметінше, облыста 108 адвокат қызмет атқарады. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және заңнамада белгіленген өзге де санаттарға тегін құқықтық көмек көрсетіледі.
Ауыл тұрғындарының құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірдегі елді мекендерде 48 құқықтық кабинет ашылған. Олар «Заң» деректер базасына қосылған компьютерлермен жабдықталған. Сондай-ақ Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Заң клиникасы» ашылып, азаматтарға тегін құқықтық кеңес беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар адвокаттық қызмет саласында «Е-Заң көмегі» жүйесі, ал нотариат бағытында «Цифрлық нотариат» жобасы қолданылады. Департамент басшысының айтуынша, аталған цифрлық сервистер азаматтарға өзіне қажетті заңгерді таңдауға және нотариуспен бейнебайланыс арқылы онлайн сенімхат рәсімдеуге мүмкіндік береді.
- Біздің басты міндетіміз – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта цифрлық сервистерді дамытуға, ауыл тұрғындарына тегін заң көмегін көрсетуге және мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге басымдық беріп отырмыз. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша департаментке жүгіне алады. Мамандарымыз заң аясында кеңес беріп, қажетті құқықтық көмек көрсетуге дайын, - деді Асулан Каримов.