Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтаудағы халықаралық жастар форумы: «Адамның мінезі – құрсаққа біткен сәттен басталады»

|
07.11.2025 09:19
Ақтаудағы халықаралық жастар форумы: «Адамның мінезі – құрсаққа біткен сәттен басталады»

Ақтаудағы “Youth Fest” халықаралық жастар форумында “Сауат” сессиясы өтіп, нәзік жандыларға – “қыздар диалогы”, ал ер азаматтарға – “ерлер диалогы” ұйымдастырылды. Әр диалогта эксперттер сөз сөйлеп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Диалогтарда әр жыныстың өзіне тән тақырыптары мен жеке шекара мәселесі қозғалды. «Қыздар диалогы» сессиясында акушер-гинеколог, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Тұрсынай Қуанышқызы, журналист Дина Төлепберген, психолог Шапағат Есжанова және мотивациялық спикер Айғаным Боташ спикер болды. 


Әр маман қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, “қыз” және “әйел” ұғымдарының маңызы мен қасиетін түсіндірді. 


Кездесу барысында психолог Шапағат Есжанова бала тәрбиесі жайында сөз сөйледі. Оның айтуынша, әр адамның мінез-құлқы – ана жатырынан бастау алады. 


“Қазіргі таңдағы көп патологияның салдары – біреу ғана. Бәріне себеп – жүктіліктегі әйелдің жай-күйі. Яғни, әйелдің көңіл-күйі, ойын ашық айта алуы, өзін өзгелерге керекті сезінуі, өз маңызын түсінуі – өте маңызды. Өйткені жүктілік қалай өтсе – соған сай бала туылады. Қазіргі кезде балалар арасында тілдің кеш шығуы, психикалық дамуының тежелуі секілді мәселе жиілеп кетті. Оның барлығы – жүктілік кезеңіндегі стресстің әсері. Сондықтан, қадірлі қыздар қауымы, үнемі есте сақтаңыздар, ұлт болашағы, бала болашағы – жатырдан бастау алады”,- деді ол. 


Сондай-ақ жиында ұл мен қыздың тәрбиесі, жыныстық сауаттылық, оқуға құштарлық, үздіксіз даму секілді тақырыптар қозғалды.


“Қыздар, ханымдар, құндылық – ол сіз. Қай сәтте де өздеріңізді тыңдай біліңіздер, таңдай біліңіздер. “Жоқ” деп айту керек сәтте “ұят” болады дегенді ұмыту керек. Өйткені біздің қоғамда “ұят” сөзінің мағынасы тым бұрмаланып кетті. Ұят – ол өзіңді танымау, ұят – өзіңді тыңдамау. “Жоқ” сөзін айта білген жөн. Өйткені ол біздің таңдауымызға әсер етеді. Ал өмір – біздің таңдауымыздан тұрады”,- деді журналист Дина Төлепберген. 


Облыстық перинаталдық орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Тұрсынай Қуанышқызы өңірдегі жасөсеірімдер арасында жүктіліктің көбейгенін айтты. Ондай жағдайлардың алдын алу үшін әр адам жыныстық сауатты болып, өз баласына түсіндіру керек. Осындай тақырыптар талқылануға “ұят” саналғанның әсерінен ерте жүктілік, жасанды түсік тастаудың кесірі сияқты мәселелер саны артқан. 


“Сауаттылық” панеліндегі кезекті спикер Айғаным Боташ өмірін өзгерткен оқиға туралы сөз қозғап, жастарды барлық салада сауатты болуға шақырды. 


“Менің өмірімді әп сәтте өзгертіп, денемді адам танымастай күйге түсірген де, өмір үшін күрескеніме де бір ғана себеп – дәрігердің салғырттығы. Бір ғана маманның салғырттығынан мен зардап шегіп, өмірімді арашалауға жүздеген дәрігер атсалысты. Сондықтан аяулы қыздар, адами қасиеттерді ұмытпайық. Қай салада қызмет етсек те – ізденімпаз, сауатты, жауакершілігі мол тұлға болайық. Бір ғана қателік көптеген кесірін тигізуі мүмкін. Сол үшін өз әрекетімізге жауап бере алатындай қадам жасайық”,- деді спикер Айғаным Боташ. 


Ал ерлерге арналған кездесуде уролог-андролог Фархат Равилов, отбасылық психолог Елжас Ертайұлы, Naiza аралас жекпе-жек лигасының Президенті Нұрбек Қарабала, танымал бокс бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев сөз сөйледі. 

43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!