Маңғыстауда АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 70 пайызы – ерлер
Облыстық АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі ортылық мамандарының айтуынша, өңірде адамның иммунтапшылық вирусын (АИТВ ) жұқтырғандардың 70 пайызы – ерлер болса, 29 пайызы – әйелдер. Ал балалардың үлес салмағы – 1 пайызға тең, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Өңірде жұқпалы бұл ауру түрімен есепке алынған 503 адам бар, ең жас емделуші – 18-де болса, ең үлкені – 56 жаста. Ал зейнеткерлер барлық тіркелгендердің шамамен 8%-ын құрайды.
Бұл туралы облыстық АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығында өткен пресс конференцияда айтылды. Жиынның мақсаты – облыс тұрғындарын АИТВ инфекциясының алдын алу және инфекцияны жұқтырған жағдайда медициналық көмекке жүгінуден қашпау туралы ақпараттандыру.
Жыл басынан қазан айына дейінгі аралықта орталықта 165 341 зерттеу жүргізіліп, 44 жағдай анықталған.
“Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 140 мың зерттеудің 57-сі оң болып, АИТВ инфекциясы анықталған еді. Салыстырмалы түрде статистика 13 жағдайға кеміді. Бірақ ол инфекцияның азайғанын білдірмейді. Біз тұрғындарды мәжбүрлі түрде қан тапсырып, инфекцияның бар-жоғына тексерте алмаймыз. Сондықтан тұрғындар денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, қазіргі медицинаның барлық мүмкіндіктерін қолданса екен дейміз. Қан сынамасын алу – тегін. Ол үшін біздің орталыққа келіп немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаларға барып, тексерістен өте алады. Егер аты-жөні анонимді болғанын қаласа – ол да қарастырылған. Инфекция анықталған күннің өзінде бұл ақпарат құпия сақталады”,- деді директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғалым Алтураев.
Орталық дәрігерлерінің айтуынша, науқас неғұрлым ерте қамданса - ем соғұрлым нәтижелі болады. Кезінде “ғасыр дерті” саналған бұл ауру түрі – бүгінде адамзат үшін аса қауіпті дерт емес. Өйткені қазіргі антиретровирустық терапияның (АРТ) күші барлық симптомдарды жойып, өмір салтын бір қалыпты ұстауға көмектеседі.
АИТВ инфекциясы адамға 3 түрлі тәсілмен жұғады: жыныстық жол, қан арқылы және вертикалды, яғни – жүктілік, босану, емізу кезінде. Бүгінде облыста инфекция жұқтырған 500 әйелден туған балалардың барлығы есепке тіркеліп, алғашқы 1 жарым жылда тұрақты бақылауда болады.
«Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын-алу орталығы» ШЖҚ МКК директорының міндетін атқарушы Ғалымжан Абраевтың айтуынша, инфекциясы бар жүкті әйелдер – басты назарда.
“Бала – ұлт болашағы. Бейкүнә сәбидің амандығы мен денінің саулын үнемі назарда ұстаймыз. Бүгінгі медицинаның қауқары – күшті. АИТВ 4 кезеңнен тұрады. Ең асқынған сатысы – IV кезең, яғни ЖИТС. Онда иммун жүйесінің жұқпалы ауруларға қарсы тұруға шамасы болмайды, нәтижесінде оппротунистік аурулар туындайды. Дегенмен бүгінгі күні арнайы дәрі-дәрмектің арқасында оның барлығын емдеуге болады. АИТВ – өлімге әкелетін ауру емес, адам толық айықпаса да – залалы келмейтіндей етіп инфекцияны тоқтатуға болады»,- деді Ғалымжан Абраев.
Расында, 1994 жылдан бүгінгі күнге дейінгі статистикаға сүйенсек бұл инфекция – адам өліміне 100% себеп болмайды. Өйткені 31 жыл ішінде облыста қайтыс болған 118 адамнан осы инфекция анықталған. Оның 31-і – АИТВ-дан көз жұмса, қалған 87 өлімнің әртүрлі басқа себептері бар.
Конференцияда бұл инфекцияны жұқтырушылардың 80%-ы жыныстық жолмен жұқтырғаны айтылды. Арасында гетеросексуалдар ғана емес, гомосексуал ерлер мен нашақорлар да бар. Сондай-ақ АИТВ инфекциясы соңғы жылдарда шетелден келген азаматтардан да жиі анықталуда.