Ақтаулық оқушылар «Таза Маңғыстау» акциясына белсенді қатысып жатыр
Ақтауда «Ағылшын мектебінде» «Таза Маңғыстау» акциясы аясында оқушылардың қатысуымен экологиялық конференция өтті. Шараның мақсаты – оқушылардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, деп хабарлайды otpannews.kz.
Конференцияда оқушылар өздерінің экологиялық жобасын таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты тың идеясын ұсынды. Жобалар арасында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, қала аумағын көгалдандыру және энергия үнемдеу сияқты бастамалар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Айта кетейік, аталған білім ордасы экологиялық челленджге белсене қатысып жүрген мектептердің бірі. Мұнда 13 қазан мен 26 қараша аралығында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 45 күндік «Таза Маңғыстау» аймақтық акциясы өтіп жатыр. Күн сайын мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар сенбіліктерге қатысып, экологиялық сабақтар мен квесттерге белсенді атсалысуда. Сондай-ақ мектептің әр қабатында қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған.
Біздің мақсатымыз – балаларға экологиялық әдеттерді ерте жастан қалыптастыру. Тазалық пен қоршаған ортаға құрмет – мәдениетті қоғамның басты қағидаты. Оқушылар осы бағытта белсенділік танытып, өз жобаларын іске асырып келеді, – дейді мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Регина Владимировна.
Өз жобасын таныстырған 10-сынып оқушысы Мадияр Мереке экологиялық бастамалардың маңызын атап өтті.
Мен өз жобам арқылы қаламыздың жасыл желекке оранғанын қалайтынымды жеткізгім келді. Аялдамалардың маңына ағаш егу, тұрғындардың тыныш әрі таза ортада демалуы үшін шағын саябақтар ұйымдастыру сияқты идеяларды ұсындым. Мен мұнымен тоқтап қалмай, іс жүзінде де жүзеге асырғым келеді. Болашақта әр адам табиғатқа жауапкершілікпен қараса, еліміз таза әрі жасыл Қазақстанға айналатыны сөзсіз, – деді ол.