Әбілқайыр Байпақов Ақтау тұрғындарымен кездесті
Ақтау әкімі Әбілқайыр Байпақовтың тұрғындармен дәстүрлі кездесуі 11-шағын ауданда өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған жиынға қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, қала әкімдігінің бөлім басшылары, мемлекеттік мекеме өкілдері және шағын аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, шаһар басшысына нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді күтіп ұстау, аула тазалығы, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі, ішкі жолдардың сапасы, көгалдандыру жұмыстары, сондай-ақ балалар ойын алаңы мен воркаут аймағын орнату қажеттілігі талқыланды.
«Қызмет көрсетуші мекеме тарапынан ауланы күтіп-ұстау жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Қоқыс жәшіктері уақытылы тазаланбайды. Балалар ойын алаңының жағдайы да алаңдатарлық. Осы мәселелер шешімін тапса, тұрғындарға қолайлы болар еді», - деді 11-шағын аудан тұрғындары.
Сонымен қатар, жиын барысында мердігер ұйым өкілдері 11-шағын ауданда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
«Қазіргі таңда салынып жатқан ойын алаңдары мен ішкі орамдық жолдарға екі жылдық кепілдік берілген. Осы мерзім ішінде қандай да бір ақау немесе зақым анықталса, оны қалпына келтіру жұмыстарын өз күшімізбен жүргіземіз», - деді мердігер мекеме өкілі.
Әбілқайыр Байпақов барлық тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктеме берді. Сондай-ақ, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуын қатаң бақылауға алатынын атап өтті.
«Әрбір мәселе бақылауда болады. Кезең-кезеңімен шешімін табады. Қаланың әрбір тұрғынының пікірі мен ұсынысы біз үшін маңызды», - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.