Ақтау теңіз солтүстік терминалы Қазақстанның экспорт көлемін арттырды
Ақтау теңіз солтүстік терминалы - халықаралық ТРАСЕКА және «Солтүстік - Оңтүстік» көлік дәліздерінің маңызды бөлігі. Бұл бағыттар арқылы Қазақстан Каспий, Қара және Жерорта теңіздерімен, Балтық пен Парсы шығанағы елдерімен тікелей байланыс орнатады, деп хабарлайды otpannews.kz.
2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша Ақтау теңіз солтүстік терминалының жүк айналымы айтарлықтай өсті. Биыл жалпы 697 мың тонна жүк өңделіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 187%-ға жоғары болды.
Экспорт көлемі 537 мың тоннаға жетіп, 304% өсімге ие болса, импорт 160 мың тоннаға дейін ұлғайды. Негізгі жүк түрлері бойынша да тұрақты өсім байқалады. Астық өнімдері 279%-ға артып, 408 мың тоннаға жетті, өзге жүктер 127%-ға көбейіп, 289 мың тоннаны құрады. Контейнерлік тасымалдар көлемі де екі есеге артып, 17501 ДФЭ болды.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан Солтүстік терминал жүктерді экспедирлеу, астықты ауыстырып тиеу, теңіз кемелерін қабылдау мен жөнелту және кешенді логистикалық қызмет көрсетумен айналысады.
Инжиниринг және қауіпсіздік жөніндегі директор Ермек Молдабековтың айтуынша, компания құрылымында үш теңіз айлағы бар - екеуі құрғақ жүкке, бірі астық тиеуге арналған.
2018 жылы пайдалануға берілген нысан заманауи техникамен жабдықталған. Терминалдың жалпы аумағы 39 гектарды қамтиды, жылдық жобалық қуаттылығы - 3 миллион тонна. Оның ішінде 2 миллион тоннасы жалпы жүктерге, 1 миллион тоннасы астық өнімдеріне тиесілі. Астық терминалы бір мезетте 60 мың тоннаға дейін астық сақтауға мүмкіндік береді, - деді ол.
Қазіргі таңда жүктер Иран, Ресей және Әзірбайжан бағыттарына жөнелтіледі. Алдағы уақытта компания өндірістік тиімділікті арттырып, жаңа серіктестерді тарту және жүк ағындарын әртараптандыруды жоспарлап отыр.