Otpan News Logo

Жылыту маусымы: Мұржалар мен желдету арналарын уақытылы тексеріп отыру қажет

|
05.11.2026 09:36
Жылыту маусымы: Мұржалар мен желдету арналарын уақытылы тексеріп отыру қажет

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында өрт қауіпсіздігін сақтау және тұрғындардың төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс аумағында осы бағытта 29 акция ұйымдастырылып, 30 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Бұл туралы брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рәтбек Демеуберген айтты.


Спикердің айтуынша, акция барысында тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндіріліп, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, газ жабдықтарын күтіп ұстау және жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде ақпарат берілді.


-Жылыту маусымында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірқатар тұрғын үйді есепке алып, олардың барлығында атаулы профилактикалық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлері газталдағыштармен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта облыстың қала мен аудандарында арнайы датчиктер орнату жұмыстары жалғасуда. Мұндай құрылғылар тұрғын үй ішіндегі улы газдың мөлшерін анықтап, қауіп туындаған жағдайда дыбыстық белгі береді. Бұл тұрғындарға дер кезінде әрекет етіп, қауіпсіз жерге шығуға мүмкіндік береді, - деді Рәтбек Демеуберген.


Мамандар тұрғындарға жылыту маусымында электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеуді, ақаулы жылытқыштарды пайдаланбауды, газ жабдықтарын, мұржалар мен желдету арналарын уақытылы тексертіп отыруды ескертеді.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!