Ақтауда алименттен жалтарған әкелерден 135 млн теңге өндірілді
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласы прокуратурасының бастамасымен биыл алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндірілді. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы хабарлады.
Оның ішінде алимент бойынша борышкерлерден 2 пәтер, 1 жер учаскесі мен 3 автокөлігі тәркіленіп, берешек есебіне өндіріп алушыларға берілді.
«Мысалы, жеке сот орындаушының берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес борышкердің берешек сомасы 37,8 млн теңгені құраған.Тексеру барысында борышкердің атында Toyotа Land Cruiser маркалы автокөлігі бар екені анықталды. Жеке сот орындаушымен аталған автокөлік 25,5 млн теңгеге бағаланып, берешекті өндіру мақсатында өндіріп алушының пайдасына берілді.
Ал басқа жағдайда, азаматтан берешек өндіру мақсатында 13,4 млн теңгеге бағаланған пәтердің үлесі өндіріп алушының пайдасына берілді», деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Одан басқа, кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 46 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Прокуратура алимент төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікті ескертеді және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев