Ақтауда мектеп директорының жұбайын еден жуушыға қорлық көрсетті деп айыптады
OTPANNEWS.KZ. – Әлеуметтік желілерде Ақтау қаласындағы «Tulpar School» жекеменшік лицейінде болған оқиғаның бейнежазбасы таралды. Оқиғаның ортасында оқу орны директорының жұбайы жүр. Оны мектептің тазалық жұмыстарымен айналысатын қызметкеріне қатысты қорлайтын әрекет жасады деп айыптауда.
Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, әйел тазалықшы жұмыс барысында пайдаланып жүрген су толы шелекті әдейі теуіп жіберген. Оқиға видеоға түсіп қалған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Осы оқиғаға байланысты полицияға арыз берілген. Алайда әзірге арызды қарау нәтижелері туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Маңғыстау облысының білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, оқиға Ақтау қаласындағы «Тұлпар» жекеменшік лицейінде болған.
«Осы жағдайға байланысты Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрды. Комиссия оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерделеп жатыр. Тексеру барысында барлық тараптың түсініктемесі тыңдалып, жағдайға тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында қажетті шаралар қабылданады», – деді білім басқармасының баспасөз қызметі.