Жыл басынан бері облыс аумағында 68 өрт тіркеліп, 3 адам қаза тапты
Есептік кезеңдегі статистика өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының 13%-ға азайғанын көрсеткенімен, адам шығыны мен техникалық ақаулар әлі де өзекті мәселе болып отыр. Биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 68 өрт оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 78-ді құраған еді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Өрт саны азайғанымен (13%-ға), өкінішке қарай, тілсіз жау 3 адамның өмірін қиды (2025 жылы – 2 адам). Сондай-ақ 6 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған. Биыл материалдық шығын тіркелмеді, бұл өткен жылғы 1,6 млн теңге шығынмен салыстырғанда оң көрсеткіш.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, өрттің ошағы көбіне көліктер мен тұрғын үйлер болып отыр. Ең көп өрт оқиғасы тіркелген – көлік құралына қатысты, жалпы саны – 21. Ал 20 өрт оқиғасы тұрғын үй секторында тіркелді.
“Өрттің 69%-ы электр сымдары мен желілерін пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан болған. Бұл – техникалық қауіпсіздікке салғырт қараудың тікелей салдары. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің алдын алу мақсатында кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта 20-дан астам рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, жүргізушілерге жанармай жүйесі мен электр сымдарын қадағалау маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ көпқабатты үйлерде 15-тен астам жиын өткізілді. Онда эвакуациялау жолдары мен өрт сөндіру құралдарын қолдану тәсілдері көрсетілді”,- деді ТЖД баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, өрттің алдын алу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Газдан уланудың алдын алу үшін отбасыларға 520 дана газ талдағыш датчик тегін орнатылған. Бұл құрылғылар қауіптің алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған.
Қазіргі уақытта облыс аумағында шұғыл әрекет етуге дайын 9 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.