Маңғыстауда энергетика саласының болашағы талқыланды: Білім мен өндірістің жаңа белесі
Ақтау қаласында «MEC ENERGY CONNECT» халықаралық тағылымдамасы аясында панельдік сессия өтті. Жиынға білім беру ұйымдарының өкілдері, халықаралық сарапшылар, Франция делегациясы, сондай-ақ энергетика саласының жетекші мамандары қатысты. Іс-шарада колледж оқытушылары мен студенттері жасаған инновациялық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
«Кәсіптік білім берудегі халықаралық интеграция: Энергетика саласындағы тәжірибе алмасу» атты ауқымды панельдік сессия Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің ұйымдастыруымен өтті.
Панельдік сессия барысында Қазақстанмен Франция арасындағы білім беру серіктестігін дамыту, энергетика саласынақажетті заманауи кадрларды даярлау, инновациялық технологияларды енгізу жәнеакадемиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерікеңінен талқыланды.
Жиынның ашылуында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, өңірдегі кадр даярлау мәселесінің стратегиялық маңызына тоқталды.
«Біздің негізгі міндетіміз – еңбек нарығының сұранысына сай, заманауи технологияларды меңгерген бәсекеге қабілетті мамандар қалыптастыру. Франциямен арадағы серіктестік пен халықаралық интеграция осы үдерістің басты тірегі болмақ»,– деді облыс әкімінің орынбасары.
Сессия жұмысы «Tech Horizons: Болашаққа көзқарас» атты кәсіби көрмемен басталды. Мұнда қатысушылар энергетика саласындағы соңғы технологиялық шешімдермен және колледж студенттерінің ғылыми жобаларымен танысты. Көрме теориялық білімнің практикамен қалай ұштасып жатқанының айқын дәлелі болды.
“Біз әріптестерімізбен бірге “Smart Zone” деп аталатын жоба жасап шықтық. Біздің бұл жоба арқылы күн сәулесінен қуат алатын отырғыш әзірлейміз. Отырғыш wi-fi-ға қосылуға және кез келген құрылғыны қуаттауға мүмкіндік береді. Біздің жоспар бойынша алғашқы орындық жаз айларында дайын болады. Ал қазір жобамызды толықтырып, пысықтап жатырмыз”,- деді жобаның соавторы Қали Жандарбек.
Панельдік сессияның негізгі өзегі білім беру бағдарламаларын үйлестіру болды. Алматы энергетика және байланыс университетінің (АУЭС) Институты директоры Ернар Әмитов колледждер мен университеттер арасындағы сабақтастықты, әсіресе қос дипломды білім беру және SIEMENS секілді әлемдік алпауыттардың зертханаларын қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Ал Yessenov University Халықаралық офисінің өкілі Айгүл Досумбекова академиялық ұтқырлықтың маңызын ашып берді. Оның мәліметінше, қазіргі таңда халықаралық бағдарламалар (мысалы, Erasmus+) студенттерге тек білім беріп қана қоймай, олардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.
Жиын барысында Маңғыстау облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалды. Мәселен, дуалды оқытуды кеңейту – туденттердің өндірістік тәжірибесін нақты жұмыс орнында нығайту, цифрлық трансформация – оқу үдерісіне заманауи IT-технологиялар мен жасыл энергетика элементтерін енгізу, халықаралық гранттар – Erasmus+ және өзге де еуропалық бағдарламаларға белсенді қатысу арқылы оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттыру.
Сессия қорытындысы бойынша халықаралық аккредиттеу талаптарына сай білім беру бағдарламаларын жетілдіру туралы ұсыныстар қабылданды. Модераторлар атап өткендей, энергетика саласының дамуы білікті кадрларсыз мүмкін емес, ал сапалы кадр халықаралық тәжірибе мен заманауи өндірістік база бар жерде ғана қалыптасады.