Ақтаудағы “Балбұлақ” балабақшасының балалары қауіпсіздік ережелерімен танысты
Маңғыстау облысының прокуратурасы «Заңды құрметтейтін ұрпақ» жобасы аясында мектепке дейінгі мекемелерде «Біздің қаһармандар» атты танымдық іс-шара өткізді. Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласы мамандарымен өткен кездесуде балалар қойылымдар қойып, ән мен биден өнер көрсетті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бүгін Ақтау қаласындағы «Балбұлақ», «Ақ шағала» және «Қарлығаш» балабақшаларының тәрбиеленушілері өрт қағидаттарымен танысып, жолда жүру ережелері туралы ақпарат алды. Сондай-ақ төтенше қызметтердің (101,102,103 және 104) нөмірлерін жаттап, осы тақырып аясында қойылым қойды.
Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлері мен дәрігерлер балаларға прокурор, полицей, өрт сөндіруші және дәрігер мамандықтарының қоғамдағы маңызы жайында жан-жақты мәлімет берді.
«Бүгін балабақшада «Біздің қаһармандар» шарасы өтті. Мақсатымыз – балаларға құқық қорғау және құтқару қызметі өкілдерінің оң, жақын әрі түсінікті бейнесін ұалыптастыру. Біз прокурор, полиция, өрт сөндіруші мен дәрігерді балаларға нағыз қаһарман ретінде көрсеткіміз келеді»,- деді Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрлыбек Бекежан.
Тәртіп сақшылары мен мамандар тек ақпаратпен шектелмей, балалармен танымдық ойындар ойнап, тақырыптық викториналар ұйымдастырды. Практикалық көрсетілімдер арқылы бүлдіршіндер алған білімдерін іс жүзінде бекітті.
«Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру»,- деді «Балбұлақ» балабақшасының директоры Амангүл Оразова.
Прокуратура органдарының хабарлауынша, өңірдегі жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесіне бағытталған мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.